Спорттағы жемқорлық: Жекпе-жек федерациясының басшысы сотталды

Сырым Қаржас

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Жекпе-жек федерациясының президенті Ерназар Әлімбетовке үкім шығарды, деп хабарлады Ulysmedia.kz.

Sports.kz

Антикордың ресми өкілі Данияр Бекайдаров Ерназар Әлімбетовтің 2021 жылы Алматыда жекпе-жектен өткен әлем чемпионатының хаттамасын қолдан жасағаны үшін кінәлі деп танылғанын хабарлады.

– Жалған құжаттарды пайдалана отырып, Әлімбетов спортқа қатысы жоқ адамдарға халықаралық дәрежедегі спорт шебері және ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын беруге өтінім берді, – деді Бекайдаров.

Сот Әлімбетовке шамамен 4 млн теңге айыппұл салды.

Бұған дейін аралас жекпе-жектің жауынгері Арман Әшімов жалған спортшыларға "ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы" және "ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері" спорттық атақтарын негізсіз беріліп жатқанын айтқан еді.

Антикор сотқа дейінгі тергеуді тіркеді. Жалған спортшылар спорттық атақтарынан айырылды.

Сондай-ақ, Антикор Туризм және спорт министрлігінің атына сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша ұсыныс енгізген.