БҚО-да Beeline мен Tele2/ALTEL-ге 50 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

Қалижан Бектемір

Батыс Қазақстан облысында ұялы байланыс операторларының қызмет сапасына байланысты жыл басынан бері жоспардан тыс 28 тексеру жүргізілді, деп хабарлады Ulysmedia.kz. ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

ratel.kz

БҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы міндетін атқарушы Ерғали Ержановтың айтуынша, соның ішінде 12 тексеру ауылдарда, 16-сы Орал қаласында  болған.

ТЕКСЕРУ КЕЗІНДЕ ОПЕРАТОРЛАР ТАЛАПҚА САЙ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТПЕГЕН

Тексеру кезінде байланыс операторларының белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Сондықтан оларға 49,8 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Атап айтқанда, Beeline және Tele2/ALTEL операторларының әрқайсысы 22,1 млн теңгеден «арқалады». Сондай-ақ Кселл/Актив үшін айыппұл көлемі 5,5 млн теңге болды.

БИЫЛ ОРАЛ МЕН 183 ЕЛДІ МЕКЕНДЕГІ ИНТЕРНЕТТІҢ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ КӨЗДЕЛІП ОТЫР

Биыл Орал қаласы мен 183 елді мекенді мобильді интернетпен қамтудың сапасын жақсарту мен кеңейту көзделсе, соның ішінде 41 ауылда жаңа базалық станция салу жоспарланған болатын. Қазіргі кезге дейін 13 ауылда интернетпен қамту сапасы жақсартылды.

Kcell байланыс операторы 20 елді мекенде жаңа базалық станциялар салуды және 9-ында қолданыстағыларын жаңғыртуды қоса алғанда, Орал қаласы мен 28 ауылда байланыс сапасын жақсарту бағытында жұмыс істеуде.

Күні бүгін 6 ауылда жаңа базалық станциялар орнатылған. Сол секілді Beeline байланыс операторы 23 ауылда базалық станцияларды орналастырып, 132 елді мекенде байланыс сапасын жақсартуды жоспарлаған еді. Қазіргі уақытта мұндай жұмыстар алты ауылда атқарылған. Жыл соңына дейін 16 елді мекенде жаңа базалық станциялар орнатуды жоспарлап отыр.

Бүгінде елімізде 26 миллионға жуық абонент тіркелген. Бүгінгі таңда ел тұрғындарын ұялы байланыспен үш ұялы оператор қамтамасыз етеді. Олар: Kcell (Kcell және Aсtiv сауда маркалары), Кар-Тел (Beeline сауда маркасы) және Мобайл Телеком-Сервис (Tele2 және Altel сауда маркалары).