Бокстан Қазақстанның ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов қызметіне кірісіп, қандай жоспары барын айтты, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
- Сенім білдіріп отырғандарыңызға көп рақмет! Мұны үлкен жауапкершілік деп білемін. Бүгінгі таңда Қазақстанның боксында бірқатар проблема бар. Оның бәріне Париж Олимпиадасында куә болдық. Бұл – ең бірінші жаттығу жұмыстарының дұрыс құрылмауы және командалармен біріккен оқу-жаттығу жиындарының өтпеу себебі, – дейді Қайрат Сәтжанов.
Бас бапкер алда үлкен жоспар қойып отырғанын айтады. Сәтжанов атап айтқанда, жасөспірімдер, жастар, негізгі құраманың бәріне көңіл бөліп, ел ішіндегі чемпионаттардың бәрін әділ өткізуді көздеп отыр. Жаттығу жиындарын жиі өткізіп, команда жұмысына тыныс беру үшін шетелден маман тартуды да жоспарлап отыр.