1300 метр. Қазақстандағы ең үлкен көпір қашан қолданысқа беріледі?

Ілияс Бақыт

Ulysmedia командасы «Ауылға жол» жобасы аясында  Қазақстандағы ең үлкен Бұқтырма көпірінің құрылысымен танысып қайтты.

Фотосурет: Gov

Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасындағы көпірдің құрылысы 2022 жылы басталған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарындағы нысан жоспар бойынша 2025 жылы қолданысқа беріледі деген. Ulysmedia командасы «Ауылға жол» жобасы аясында  Қазақстандағы ең үлкен көпірдің құрылысымен танысып қайтты.

КӨПІР БИЫЛ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛЕДІ

Учаске басшысы Юрий Чановтың айтуынша, Бұқтырма су қоймасындағы көпір Қазақстандағы ең үлкен жоба. Көпір Күршім ауданына қарасты Құйған ауылының тұсынан салынып жатыр. Жалпы ұзындығы 1300 метр. Ені 12.2 метр. Құрылысты «ОблШығысЖол» ЖШС жүргізіп жатыр. 2021 жылы 8 айға созылған дайындық жұмысы жүргізілді. 2022 жылы құрылыс жұмыстары басталды. Технологиялық мүмкіндіктің арқасында көпір биыл қолданысқа беріледі деген жоспар бар. Қазан айында асфальт төселіп бітеді.

КӨЛІКТЕРГЕ 90 КМ/САҒ ЖЫЛДАМДЫҚ РҰҚСАТ ЕТІЛЕДІ

Барлық автомагистральдағыдай көліктің барлық түрі жүре береді. Көпірдің үстімен өтетін барлық көлікке 90 км/сағ жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Сонда кептеліс болмайды. Көпір өте ауыр болғандықтын, желдің жылдамдығы оған әсер етпейді.

Көпірдің екі жағынан ортасына қарай бетон, асфальт төсеп келе жатырмыз. 6 тамызда ортасына жеттік. Қазіргі технологияның арқасында ешқандай кемшілік жоқ. Құрылыста қолданылатын негізгі шикізат Украина, Ресейден импортталады, жұмыс күшінің 80% өзіміздікі. Екі жүздей жұмысшы жұмылдырылған.

Қыста өзеннің үстімен өтетіндер көп. Айына 3-4 жазатайым оқиға болады. Сондықтан мұнда көпір өте қажет», – дейді ол.

АУЫЛҒА ЖОЛ

1 шілдеден бастап  Ulysmedia командасы «Ауылға жол» атты жаңа жоба бойынша өңірлерді аралап жүр. Онда редакцияның шығармашыл тобы ауыл-аймақты аралап, жұртшылықтың тыныс-тіршілігімен танысып, оқырман мен көрерменге өңірлерден ақпарат таратуды мақсат еткен.

Жалпы елдің күретамыры – ауылдарда ахуал қандай? Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде билік уәде еткендей халыққа көмек көрсетіліп жатыр ма? Ауылдың түтіні қалай түзеледі? Ол үшін жергілікті атқарушы органдар қандай шаруа атқаруда? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын іздеуді мақсат тұтқан команда шыққан материалдарды ресми парақшаларымыз бен сайтымызда жариялайды.