2022 жылы Қаңтар оқиғалары кезінде көлікке жауған оқтан өлген Айкөркем Мелдеханның әкесіне Алматыдағы айыппұл тұрағында тұрған Volkswagen Passat автокөлігі қайтарылды. Айдос Мелдехан көлікке оқ жаудырғандар ішіндегі адамдарды өлтіру пиғылымен атқанын айтады, өйткені оқ іздері дөңгелектерде емес, алдыңғы әйнекте, артқы есіктерде болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқ жауған көлік "ескерткіш болып қалады"
Айдос Мелдехан Азаттық радиосы түсірген сюжетте Айкоркем оқ атылған кезде артқы орындықта ортасында отырғанын айтады. Оның басына оқ алдыңғы әйнектен кіріп тиген.
– Мұның бәрі кішкентай адамның, кішкентай қыздың миы. Жан-жаққа шашырап кеткен. Алдыңғы жағынан оқ атылған. Егер сол алдыңғы терезеден атылмағанда оқ Айкоркемнің басына тимес еді, - дейді Айдос Мелдехан.
Оң жақ алдыңғы орындықта 2006 жылы туған үлкен қызы Жанель Мелдехан отырған. Оның денсаулығына ауыр зиян келген, бес оқ тиген.
Айдос Мелдехан Айкөркем көз жұмған көлікті көрсетіп, дөңгелектерде оқтың ізі жоқ екенін баса айтты. Алдыңғы әйнекке, сорғышқа және артқы есіктерге оқ атылған.
Еске сала кетейік, Айкөркем Мелдехан Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болды. Ол үлкен ағалары мен әпкесімен бірге отырған көлікте атып өлтірілген. Айкөркемнің әпкесі Жанель оқ жарақатымен ауруханаға жеткізіліп, ота жасалып, аман қалды.
Сонымен қатар қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан 4 жасар Айкөркем Мелдеханның әкесі мемлекеттік құпияға қол жеткізе алмағандықтан сотқа қатысуға рұқсат етілмегенін айтқан.
Таяуда ҚР Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалар кезінде 4 жасар Айкөркем Мелдеханның қаза болуы туралы үкімді апелляциялық тәртіппен қайта қараған. Әскери соттың сот алқасы ақтау үкімін жойып, Жұманды жеті жылға бас бостандығынан айырған.