Спорттағы былық. Бармаған сапарға төленген шығын, дипломсыз маман

Әлихан Асқақ

Қызылордада спорт саласындағы көптеген заң бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
 

Бұл туралы Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, 2022 жылдың 26 сәуірі мен 2 мамыры аралығында Ресейде өткен жекпе-жектен Азия біріншілігіне спортшылар мен жаттықтырушылар баруы керек еді. Спортшы ол жаққа бармаған. Соған қарамастан, іссапар шығыны басқа спортшыға негізсіз есептелген.

Аталған мән-жайлар бойынша тексеру үшін жиналған құжаттар мемлекеттік ішкі аудит департаментіне жіберілді. Сондай-ақ, іссапардың нақты шығыны жаттықтырушылардың есеп айырысу шоттарына аударылады, ал қаражат спортшыларға қолма-қол беріледі. Спорт басқармасының бухгалтері іссапар құжаттарын қабылдау кезінде қаржылық бұзушылықтар жасап, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол берді,-деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.

Талдау барысында спорт саласында жұмыс істейтін 12 адамның жалған дипломмен жұмысқа орналасқаны анықталды.

Жалған құжатты пайдалану фактісі бойынша материалдарды департамент тіркеп, процестік шешім қабылдау үшін облыстық полиция департаментіне жолдады, - делінген хабарламада.