"Орыс тілін жоғары бағалаймыз" – Дәурен Абаев

gov.kz

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев орыс тілінің елде кеңінен қолданылуын артықшылық санайды. Оның сөзінше, бұл қазақстандық жастардың Ресейде білім алуына және екі ел арасындағы байланыстың нығаюына жол ашады. Елші бұл туралы Мәскеуде өткен жиында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ресейде 60 мың қазақстандық білім алады

Дәурен Абаев әлемдегі өзгерістерге қарамастан, Қазақстан мәдени әралуандық пен ұлттық дәстүрлерді сақтауға мән беретінін айтты. Сондай-ақ ол орыс тілінің ел Конституциясында айқындалған мәртебесіне тоқталды.

– Біз орыс тілін жоғары бағалаймыз. Қазақстанда ол қазақ тілімен қатар қолданылады және Конституцияда оның мәртебесі бекітілген. Еліміздің көпұлтты әрі көпконфессиялы болғанын да бағалаймыз. Орыс тілінің кең таралуы арқасында қазір Ресейде Қазақстаннан барған 60 мың студент білім алып жатыр, – деді елші.

Сонымен қатар ол Қазақстанда жұмыс істейтін Ресей жоғары оқу орындарының филиалдарын атап өтті. Олар техникалық және гуманитарлық бағыттарды қоса алғанда, түрлі мамандық бойынша білім береді.

«Қазақстан өзгерді»

Дәурен Абаев елдің дамуына тоқталып, Қазақстан заман талабына сай технологиялық өзгерістерге бейімделе отырып, ұлттық болмысы мен жақсы дәстүрлерін сақтауға тырысатынын айтты.

– Қазақстанда көп нәрсе өзгерді, бірақ сонымен бірге өзгермеген дүниелер де бар. Өзгерткіміз келгеннің бәрін өзгерттік, ал жақсы дүниелерді сақтап қалдық. Сондықтан Қазақстанға келсеңіздер, еліміздің осы тепе-теңдікті сақтауға ұмтылатынын көріп, жағымды әсер аласыздар, – деді елші.

Контекст

Дәурен Абаев бұл сөзін 4 қарашада Мәскеуде өткен «Халықаралық мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың форматтары, қатысушылары мен перспективалары» атты панельдік сессияда айтты. Жиын «Ресей халықтары» халықаралық апталығы аясында ұйымдастырылды.

Сол кезде жарияланған Қазақстан елшілігінің хабарламасында Абаевтың бірлескен шығармашылық жобаларды дамыту туралы ұсынысына басымдық берілген.

Талқылауға Ресейдің мәдени ұйымдары мен қорларының өкілдері де қатысты. Кездесуде мәдениет, өнер және заманауи технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері сөз болды.

Сізге қызық болуы мүмкін