Мамандар бүгін, 23 қараша күні еліміздің басым бөлігінде қар жауатынын айтуда деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қазгидромет» РМК мамандары ұсынған дерекке сай, 23-25 қараша аралығында Қазақстанға Солтүстік-Батыс циклон және онымен байланысты фронтальдық бөлімдер өз ықпалын жалғастырмақ.
«Циклон бұрынғыша тұрақсыз ауа райы сипатын сақтайды, жауын-шашын (көбінесе қар түрінде) өтеді, Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында қатты қар күтіледі. Республика бойынша тұман, көктайғақ, сондай-ақ екпінді жел, солтүстік жартысында бұрқасын болжанады. Батыста, солтүстік-батыста, солтүстікте ауа температурасының төмендеуі түнде 2-10-нан 18-23 аязға дейін, күндіз 5 аяздан 5-15 аязға дейін, орталықта және шығыста түнде 0-8 аяз, күндіз 3 аяз–3 жылу, оңтүстік өңірлерде ауа температурасы түнде 6 аяз–3 жылу, күндіз 9-17 жылу болады», – дейді ауа райын болжаушылар.
Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы болса, қолайсыз ауа райына байланысты 0-4 сынып аралығындағы алғашқы ауысым оқушыларына мектепте сабақ өтпейтінін, қашықтықтан оқу жүргізілетінін мәлімдеді.