Садықов-Перуашев дауы: «Ақжол» экс-депутатты тендерге өз таныстарын тықпалады деп айыптады

Сырым Қаржас

Экс-депутат Асқар Садықовтың бүгінгі мәлімдемесіне байланысты "Ақ жол" демпартиясы баспасөз қызметі түсініктеме жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Ақ жол партиясының түсініктемесі

– А.Садықов партия төрағасы келтірген деректерден басқа өзін партия қатарынан шығаруға негіз боларлық еш дәйектің жоқтығын алға тартыпты. Ол тіпті, харрасмент фактілерін жоққа шығарып та отырған жоқ. Соның өзі ғана оны партия қатарынан шығаруға жетіп жатыр. Алайда партия төрағасы Садықовқа тағылған айыптар этикалық нормалардың бұзылуы ғана емес, өзге де салмағы ауыр  жайттарға қатысты екендігін тілге тиек еткені бекер емес. Мысалы, А. Садықовтың үшінші тұлғалардың пайдасы үшін өз өкілеттілігін асыра пайдалану әрекеті анықталды. Мұндайда этикалық нормаларды бұзу азаматтық құқықтық салаға көбірек қатысты болса, лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын құқықтық қылмыс болып табылады, сондықтан партия төрағасының мәлімдеуінде бұл фактілер көрсетілген жоқ еді, – делінген түсініктемеде.

“Ақ жол” партиясы бірақ, оның барлығы да пленумда талқыланып, Садықовтың әрекеттері партия беделіне нұқсан келтіруі мүмкін деген қорытынды шығарылғанын хабарлайды.

– Мәселе А.Садықовтың депутат ретінде мемлекеттік сатып алу процедурасына араласуы және өз таныстарының тендерлерде жеңіске жетуін қамтамасыз ету талаптары туралы болып отыр (әкімдердің бірінің А.Садықовтың мемлекеттік сатып алу нәтижелеріне ықпал етуге тырысқаны жөнінде ресми хаттары қолымызда бар). Адал бизнес пен шынайы бәсекелестікті қолдайтын «Ақ жол» демпартиясы осы жағдайды сараптай келе мұндай әрекеттер партияның Жарғысы мен Бағдарламасына қайшы келеді деп есептейді. Сонымен қатар, А.Садықовтың әрекеті сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасау тәуекелдерін тудырады. 

Талқылауға қатысқан А.Садықов әріптестерінің пікіріне мән бермей, депутат ретінде қандай да бір әрекет жасауға құқылы екенін айтып, өз қателігін мойындаудан бас тартты. Осыған байланысты пленум оны партиядан шығару туралы шешім қабылдады. Пленумның өкілеттіктерін және қабылданған шешімнің заңдылығын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы қабылдап, нәтижесінде А.Садықов депутаттық мандатынан айырылды. Осылайша, А.Садықовтың өзіне қатысты шешімнің негізсіз екендігі туралы әңгімелері еш дәйекке сүйенбеген бос сөздер ғана, – делінген түсініктемеде.

Еске салсақ, өткен аптада Орталық сайлау комиссиясы «Ақ жол» демпартиясының ұсынымы бойынша Мәжіліс депутаты Асқар Садықовты депутаттық мандатынан айырған болатын. 

Оқи отырыңыз: Парламенттен әйелге қырындағаны үшін кеткен депутат танымал әншінің әкесі болып шықты

Кейін "Ақжол" партиясының төрағасы Азат Перуашев партияласы Асқар Садықовтың Парламенттен кету себебі жөнінде әлеуметтік желіге жазба қалдырды.

– Партиямыздың атына А.Садықовқа қатысты бірқатар шағымдар түсті, онда айтылған жәйттар пленумда қаралып, тиісті шешім шығарылды. Шағымдардың дені оның теріс іс-әрекеттеріне, атап айтқанда, өкілеттігін асыра пайдалану мен этикалық нормаларды бұзуына байланысты болды. Шағымдардың әрқайсысы бойынша жеке-жеке фактілер келтіруге болатын болса да, бір ғана мысалды атап өту жеткілікті деп ойлаймын, – деді ол.

Асқар Садықов туралы не белгілі

Асқар Садықов кәсіби қызметін 1992 жылы Орынбор монтаж зауытының СМУ-1 трестінде монтажшы ретінде бастаған. Мансабы "Қазақойл Ақтөбе" ЖШС-де жұмыс істеген мұнай-газ секторында өсті. Содан кейін мансабы көтеріліп, "Әсел-Қазақстан" ЖШС байқау кеңесінің төрағасы болды және "Атамекен одағы" ұлттық экономикалық палатасын басқарды.

Саяси мансап

Садықов саяси аренаға 2013 жылы "Ақ жол" фракциясының мүшесі болып, партияның Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы қызметін атқарған кезде кірді. Партия қатарында 10 жылдан бері жүр. 2014 жылдан 2023 жылға дейін өз сайлаушыларының мүддесін білдіретін Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты болып үш рет сайланған.

Несімен есте қалды

2023 жылы наурызда Асқар Садықов VIII шақырылым Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болды. Ол өз рөлін әртүрлі тақырыптар бойынша депутаттық сауалдарды айтып, белсенді көрінген. Ең көп талқыланғандардың бірі – оның Air Astana ұлттық авиатасымалдаушысына қатысты сауалы. Садықов авиакомпанияны Қазақстанның экономикалық мүдделеріне қайшы деп санап, Ирландияда ұшақтарды тіркегені үшін сынға алды. Ол сондай-ақ FlyArystan-ды жеке компания ретінде бөліп, екі авиакомпанияны да Қазақстанның салық юрисдикциясына қайтаруды талап етті.

Сондай-ақ депутат лауазымында ол "Ескі Қазақстан" өкілдерінің елдегі алкоголь өндірісін "жауып жатқанын" айтқаны бар.