Францияда бір апта бұрын дүние-мүлікті қирату, өрт қою және жаппай тонауға ұласқан тәртіпсіздіктер қайталануы мүмкін деген қауіп бар. Сенбі, 24 қазанда ел аумағында тағы да наразылық акциялары өтеді деп күтіліп отыр. Жаңа қақтығыстарға жол бермеу үшін билік 70 мың полицейді жұмылдыруға шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ішкі істер министрі Лоран Нуньестің айтуынша, бұл жолы көшелерде алдыңғы наразылықтар кезіндегіден 10 мыңға көп тәртіп сақшысы қызмет етеді.
Reuters мәліметінше, әдеттегі патрульдерден бөлек, арнайы жасақтар, броньды техника, су шашатын көліктер, тікұшақтар, дрондар мен атты полиция жұмылдырылады. Кейбір аудандарда коменданттық сағат сақталады.
– Тәртіпсіздікке қатысушыларға, тонаушыларға және күш қолданғандардың бәріне қатаң шара қолданамыз, – деді министр.
Нуньестің мәлімдеуінше, әсіре солшыл топтар интернет арқылы мемлекеттік ғимараттарға шабуыл жасап, тағы да қиратуға шақырып жатыр.
– Бұл бейбіт әрі тыныш өтетін шеру емес. Біз ертеңгі күнге дайынбыз. Барынша қырағы болып, қатаң әрекет етеміз. Ешқандай заңбұзушылыққа жол бермейміз, – деді ол.
Наразылықтар бірнеше аптадан бері жалғасып келеді. Қатысушылар тұрмыс қымбатшылығына, мұғалімдердің жетіспеуіне және мемлекеттік мекемелердің жағдайына наразы. Акцияларға студенттер, жұмыскерлер мен кәсіподақтар қосылған.
Алайда биліктің мәлімдеуінше, радикал топтар мен тонаушылар осы жағдайды пайдаланып кеткен. Тәртіпсіздіктер аясында кейбір әсіре оңшыл саясаткерлер мигранттар мен радикалды исламшылдарды айыптай бастаған. Президент Эммануэль Макрон мұндай мәлімдемелерді теріске шығарды.
Париждің батыс жағында болған атыс жағдайды одан әрі ушықтырды. 23 қазанда ер адам көліктен оқ атып, бір адамды өлтіріп, тағы төртеуін жаралаған. Зардап шеккендердің арасында 12 жастағы қыз бар. Тергеу шабуылға мұсылмандарға өшпенділік себеп болуы мүмкін деген болжамды қарастырып жатыр.
Жергілікті мэр Али Рабе мұны нәсілдік өшпенділіктен жасалған шабуыл деп атап, әсіре оңшыл саясаткерлерді араздықты қоздырды деп айыптады.
Париж билігі кәсіподақтардың бір ғана шеруіне рұқсат берді. UNEF студенттер бірлестігі мен «Сары кеудешелер» қозғалысының өтініштері қабылданбады.
Басқа да көптеген қалада осындай шектеулер енгізілді. Ал Марсельде билік кәсіподақ акциясын өткізуге рұқсат берді.
Тыйымдарға қарамастан, студенттік ұйымдар наразылықты жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді. Елдегі ең ірі кәсіподақтардың бірі – CFDT басшысы Марилиз Леон шектеулерді сынға алды.
– Бұл кері әсер етеді. Өйткені жұрт қатты ашулы. Өте ашулы. Олар өздерімен санасқанын, үніне құлақ асқанын қалайды, – деді ол.
Оның пікірінше, кімнің шеруге шығуға құқығы барын президент шешпеуге тиіс.
Лувр жабылып, спорттық кездесулер кейінге шегеріледі
Тәртіпсіздіктер қайталануы мүмкін болғандықтан, 24 қазанда Париждегі бірқатар танымал мәдениет мекемесін, соның ішінде Луврды, Орсе музейін және Париж операсын жабу туралы шешім қабылданды.
Франция чемпионатындағы «Пари Сен-Жермен» мен «Лион» арасындағы матч жексенбіден дүйсенбіге ауыстырылды. Ал 25 қазанға жоспарланған АҚШ Ұлттық футбол лигасының «Питтсбург Стилерз» және «Нью-Орлеан Сэйнтс» командалары арасындағы ойыны әзірге өтетін болды. Дональд Трамп бұл кездесуді өткізбеуді ұсынған еді.
Билік Орлеанда өтетін Марин Ле Пеннің «Ұлттық бірлестік» партиясының съезі кезінде де қақтығыс болуы мүмкін деп қауіптенеді. Солшыл және нәсілшілдікке қарсы ұйымдар бұл жиынға қарсы акциялар өткізетінін жариялап қойған.
Бұған дейінгі наразылықтардан кәсіпкерлер елеулі шығынға ұшырады. Қолда бар мәлімет бойынша, өткен демалыс күндері үш мыңға жуық дүкен мен кәсіпорын тоналған.
Кәсіпкерлер бірлестіктері сауда орындарын 24 қазанда ашылмауға шақырды. Францияның Сауда-өнеркәсіп палатасының басшысы Ален Ди Крешенцо кейбір дүкен иелері мүлкін өздері қорғауға дайындалып, бейсбол таяқтарын, сүймен, тіпті атыс қаруын алып жатқанын айтты. Дегенмен ол кәсіпкерлерді күш қолданудан бас тартуға шақырды.