Қырғызстанның Көкбөрі федерациясы Ыстықкөлде «Келісім кубогын» өткізуді ұсынып, Қазақстан көкпаршыларына шақырту жіберген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының мамандары шақыртуды алғанын айтты.
Шақырту хат енді келді. Шақыртуға барамыз немесе бармаймыз деп үзілді-кесілді кесіп айтуға ерте. Көкпарға шабатын жылқылардың жағдайын, көкпаршылардың жағдайын біліп алу керек, оларға реабилитация керек пе, жоқ па? Жалпы, қырғыз ағайындарға ресми жауап беріледі, - деді Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы мамандары.
Бұл тақырып әлеуметтік желіде қайта талқылана бастады. «Барудың керегі жоқ, қырғыздар өздерінің кім екенін көрсетті. Мемлекеттік Ту мен әнұранды сыйлай алмаған спортшылардан не күтесіңдер?» деген пікірді айтушылар көп.
Естеріңізге сала кетейік, көшпенділер ойындарында көкпардан Қырғызстан мен Қазақстан құрамалары арасындағы финалдық кездесу жанжалмен аяқталған болатын.