Заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желіде Қырғыз Республикасының басшысына үндеу жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ПРЕЗИДЕНТКЕ ҮНДЕУ
Желіде тараған видеода қазақ ұлтына қарата бейәдеп сөздерді қарша боратқан екі қырғыз азаматын көруге болады. Сол бейнені бір көрсетіп алған Мейірмен Шекеев сөзін қырғыз басшысына қарата бастады.
“Құрметті Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров мырза! Бірнеше күн бойы қырғыз азаматтарының әлеуметтік желіде көкпарға қатысты реніші қазақ азаматтарының намысына тиюде. Осыған байланысты сізден өтініш! Қазақ-қырғыз бір туған. Екі елдің арасына іріткі салып бүкіл қазақ халқына тіл тигізген екі тентекті тауып, өздеріңіз жазаға тартуды сұраймын,”- деді заңгер.
ҚЫРҒЫЗ ТАРАПЫ НЕ ДЕЙДІ
Заңгер тек желідегі үндеумен шектеліп қалмаған. Сондай-ақ Қазақстандағы Қырғыз елшілігіне де хабарласқан.
“Осыған байланысты мен Қазақстандағы Қырғыз елшілігіне де байланысқа шыққан болатынмын. Өз кезегінде Қырғыз Республикасының консулі Жумашбек бауырымыз бұл азаматтарға қатысты тиісті органдарға менің өтінішімді жеткізіп, шара қолданатынын айтқан,”- дейді Мейірман Шекеев
“БІРЛІГІМІЗ АЖЫРАМАСЫН”
Заңгер мұндай арандатуларға ермей, керісінше тату болуға шақырды.
“Қырғыз бауырлар, біздің елдігіміз, бірлігіміз қайдағы бір тентектердің сөзінен ажырамасын. Енді осы екі азамат істегендерін мойнымен көтеріп, бүкіл қазақ халқының алдында кешірім сұрауын талап етеміз,” -деп түйіндеді ол сөзін.
ДАУ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ
Естеріңізге сала кетейік, көшпенділер ойындарында көкпардан Қырғызстан мен Қазақстан құрамалары арасындағы финалдық кездесу жанжалмен аяқталған болатын. Қырғыз тарапы тіпті марапаттау кезінде медальдарын шешіп, сахнадан түсіп кеткен еді. Ақтық сында Қазақстан құрамасы жеңіске жеткен. Бірақ қырғыз тарапы ойынды әділетсіз өтті деп санайды.