Қазақстанда бір жылда 75 ауыл жойылып кеткен

Ілияс Бақыт

Ұлттық статистика бюросының осындай дерегін келтіріп Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден дабыл қақты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Әлеуметтік желіден

ҚАЛАҒА КӨШІП ЖАТЫР

Бұл туралы депутат Қарақат Әбден Мәжілістің жалпы отырысында айтты.

“Ресми деректерге сәйкес, елімізде урбанизация өсіп келеді. Кейбір облыстардағы, әсіресе Қарағанды және Ақтөбе облыстарындағы урбанизация деңгейі тым жоғары. Елордаға, Алматы мен Шымкентке ауылдардан көшіп барған халықтың саны да өте көп. Мысалы, былтырға қарағанда биыл еліміздің әр өңірінен 100 мыңға жуық адам көшіп келіп, Астана халқының саны тағы да артқан,” - деді депутат.

ЖЕҢІЛДІКТЕР БЕРУ ҚАЖЕТ

Депутат қаладан ауылға келетін азаматтарға мотивация ретінде әртүрлі жеңілдіктер қарастыру керектігін айтады. 

“Қаладан ауылға көшіп келетіндерге жалға беретін үй салу, ал егер үй жалдайтын болса, субсидия беру мәселесін пысықтау қажет. Ауылдық тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу, яғни үй салу үшін жеңілдік беру керек. Сонымен қатар ауыр жұмыс істейтін азаматтарға қосымша төлем беріледі. Осыған ұқсас ауылда жұмыс істейтін адамдарға да қосымша төлемақы мәселесін пысықтау қажет. Көпбалалы аналарға преференцияларды көбейту керек. Яғни отбасылық бизнеске, үй, көлік алуға жеңілдіктер беру қажет. Оған қоса көпбалалы отбасылардан шыққан ауыл балаларын жылына бір рет субсидия арқылы отбасымен бірге емдік-сауықтыру демалысына жіберуді ұйымдастыру керек,” - деп ұсынысын айтты Әбден.