Полиция Руза Бейсенбайтегінің балағат сөз айтқанын дәлелдей алмады

Ulysmedia

Бұл туралы фейсбуктегі парақшасында адвокат Бауыржан Азанов мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Біз жаңа ғана Павлодар қалалық сотында Руза апайдың Павлодар қалалық көші-қон полициясы басқармасының ғимаратында сөйлеген сөзінде балағат сөздер қолданбағанын дәлелдедік. Ол ешқандай ұлтаралық дауды қоздырмаған», - деп жазды адвокат.

Алайда ақпараттық бюллетенді жыртқаны үшін сот Руза Бейсенбайтегіне 10 200 теңге айыппұл салған.

«Әлбетте, біз ол шешімге қарсы дау айтамыз. Бұл хаттаманы біз заңсыз деп есептейміз», - дейді ол.

Еске сала кетсек өткен айда павлодарлық белсенді, тіл жанашыры, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етіп жүрген Руза Бейсенбайтегі қамауға алынғаны хабарланған еді. Бұл туралы бұған дейін құқыққорғаушы Руслан Түсіпбеков өзінің фейсбук парақшасында мәлім еткен. Павлодар облысының полиция департаменті де бұл жөнінде бүгін ақпарат таратқан болатын.