Дональд Трамп отбасы үшін алаңдайтынын мәлімдеді

Қалижан Бектемір

Америкада екі айда екі рет шабуылға ұшыраған республикалық партиядан президенттікке үміткер Дональд Трамп отбасы мүшелерінің өміріне алаңдайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: REUTERS

ТРАМП НЕ ДЕДІ

ТАСС-тың мәліметінше, Трамп жақындарының қауіпсіздігі үшін алаңдайтынын мәлімдеді. Саясаткер алаңына оның сайлаудағы қарсыласы, вице-президент Камала Харрис пен демократиялық партияның риторикасы себеп болғанын түсіндірді.

Мен бұл туралы әдетте айтпаймын. Бірақ, иә, мен отбасым үшін алаңдауым керек, – деді ол.

ОҒАН ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚТАР

Еске салсақ, АҚШ-та 13 шілде күні елдің бұрынғы президенті Дональд Трамптың Пенсильвания штатында өтіп жатқан сайлауалды үгіт-насихат митингі кезінде атыс болған еді. Кейін оны атқан адамның кім екені анықталған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампқа жасалған қастандық жайлы жаңалыққа бейжай қарамай, өз пікірін білдіріп, қастандықты қатаң айыптаған.

ТРАМП БҰҒАН КІМДІ АЙЫПТАДЫ

Бір апта бұрын Дональд Трампқа тағы да қастандық жасалмақ болды. 

New York Post басылымы таратқан мәліметке сәйкес, АҚШ-тың құпия қызметі Дональд Трамп Флорида штатындағы Вест-Палм-Бичтегі гольф-клубынан шығып бара жатқан кезде бұталар арасынан әлдекімді байқап, атыс басталған. 

Кейін күдікті ұсталған болатын. Трамп қастандыққа өзінің оппоненті, вице-президент Камала Харристі айыптаған.