Қызылорда тұрғыны сот арқылы автобус аялдамаларындағы ақпаратты қазақшалауға қол жеткізді

Ғалиасқар Думан

Қызылорда тұрғыны автобус аялдамаларындағы ақпараттың мемлекеттік тілде жоқтығына шағымданып, жеңіп шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

Көрнекі сурет

НЕ ЖАҒДАЙ

Қала тұрғыны автобус аялдамаларындағы ақпараттарды мемлекеттік тілде жазуды міндеттеуді сұрап, Қызылорда қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жүгінген. Азамат өзінің талабында бірнеше мәрте өкілетті органдарға жүгініп, аялдамалардағы ақпараттарды мемлекеттік тілде жазу керектігін айтқанын, алайда ешқандай нәтиже болмағанын, содан сотқа жүгінуге мәжбүр болғанын, мемлекеттік тілде жазылмаған ақпараттарды орнату заң талаптарын өрескел бұзатынын көрсеткен.

НЕ АНЫҚТАЛДЫ

Сотта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік сатып алу туралы шарты негізінде жауапты серіктестікке маршруттық автобус аялдамаларына 26 дана ақпараттық тақтаны орнатуды тапсырған. Алайда, ақпараттық тақталардағы ақпараттар мемлекеттік тілде жазылмағанү

СОТ ШЕШІМІ

“Сот талап қоюшының мемлекеттік тілде ақпараттар алуға қатысты конституциялық құқықтары бұзылғанын ескеріп, талап қоюды қанағаттандырып, жауапкерге автобус аялдамаларындағы ақпараттарды мемлекеттік тілде орнатуды міндеттеді” делінген сот хабарламасында.

ӘКІМДІК ҚЫЗМЕТКЕРІНЕ ДЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Сонымен қатар, әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімнің қызметкерлеріне де жіберілген бұзушылықтар бойынша жеке ұйғарым шығарылған.

Сот шешімі заңды күшіне еніп, орындалған.