Ақтөбедегі жемқорлықтың жаңа түрі. Жоқ құбырды сатып алу оқиғасы

Әлихан Асқақ

Ақтөбеде мұнай компаниясы техника мен құрал-жабдықтар сататын ЖШС-пен келісімге келіп, жоқ құбырды сатып алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

43 МЛН ТЕҢГЕ

Екі арадағы келісім сомасы 43 млн теңге болған. Сот келісімшарттың күшін жойды. Қос компанияның құйтырқылығын салық органдары анықтап, кейін тексеру жүргізеді.

КЕЛІСІМ

Іс материалына сүйенсек, шетелдік мұнай компаниясы техникалар мен құрал-жабдықтарды көтерме бағада сатумен айналысатын ірі компаниямен уағдаласып, құбыр жеткізуге келіседі. Екі арадағы келісімшартта 43 млн теңге көрсетілген. Тіпті шот-фактурасы да бар. Жеткізушіге қосымша құн салығына 5 млн теңге де аударылған. 

Жеткізушіде тауар болмаған. Сондықтан қаржылық-шаруашылық операцияларды жүзеге асыру мүмкін емес. Осы үшін мемлекеттік орган олардың үстінен сотқа шағымданды. Бірінші сатыдағы сот мәміле тараптар арасында бір де бір шаруашылық операция жасалмағанын анықтады. Құжат салық жүктемесін азайту мақсатында ресімделген, жасанды түрде жасалған. Талап қою қанағаттандырылды, шарт жарамсыз деп танылды, –  деп хабарлады ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі. 

НӘТИЖЕСІЗ АПЕЛЛЯЦИЯ

Алайда апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылып, бұл шешімнің күші жойылды. Салық органы болса шешімге келіспей, кассациялық тәртіпте шағым түсірді.

Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы істі қарап шықты. Сөйтіп жабдықтаушылардың мемлекеттiк тiркеу және қайта тiркеу құжаты жойылды. Сатушы компанияның тауарды тасымалдайтын көлігі, арнайы техникасы мен қоймасы да болмағаны анықталды.

Жоғарғы сот даудың бүкіл мән-жайын толығымен бағалай отырып, бірінші сатыдағы соттың шешімін заңды және негізді деп таныды.