Аса ірі мөлшерде ақша жымқырған: «Астана Банкінің» бұрынғы акционері тергеледі

Ілияс Бақыт

Антикор «Астана Банкі» АҚ бұрынғы акционері Олжас Тоқтаровты жауап алуға шақырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Vlast.kz/Forbes.kz (Андрей Лунин)

АСА ІРІ МӨЛШЕРДЕ АҚША ЖЫМҚЫРҒАН

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл агенттігі «Астана Банкі» АҚ  бұрынғы мажоритарлық акционері Олжас Тоқтаровқа және өзге де тұлғаларға қатысты істі тергеп жатыр. Оларға банк активтерін жалған агенттік қызметтер көрсету иемдену айыбы тағылған. Және бақылауындағы «SKK Tennasy Group» ЖШС пайдасына Алматы қ., Қобдолов к-сі 22 «Б» бизнес-орталық ғимаратын заңсыз иеліктен шығару арқылы аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша күдікке ілінген.

“Қазіргі уақытта тергеу нәтижесінде ауыр қылмыс жасауда жиналған дәлелдемелер күдікті О. Тоқтаровтың әрекеттерін ҚР ҚК 28-б. 3-б., 189-б. 4-б. 2-т. және 189-б. 4-б. 2-т. бойынша саралауға мүмкіндік берді. ҚР ҚПК-нің 208-бабының 1-бөлігіне сәйкес күдікті жауап алуға шақыру қағазымен шақырылады”, – деп жазды Антикордың баспасөз қызметі.

ҚАЗАҚСТАНДА ЕМЕС ЕКЕН

Алайда, күдікті Тоқтаровтың Қазақстан Республикасынан тыс жерде болуына және келуден жалтаруына байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ҚПК-нің 205-бабының 3-бөлігін басшылыққа ала отырып, күдіктіні шақыру туралы хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаған.

“Күдікті О. Тоқтаровқа жауап алу және іс-әрекеттердің саралануы туралы қаулыны жариялау үшін 2024 жылғы 26 қыркүйекте сағат 11:00-де Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 19, «Б» блогы мекенжайында орналасқан Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әкімшілік ғимаратына жедел-тергеу тобының басшысы Ж. Өтепқалиевке келу қажет”,- деп жариялады агенттік.

Күдікті тергеу әрекеттеріне қатысу үшін қорғаушыны дербес шақыруға не қылмыстық процесті жүргізуші органның қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету туралы өтінішхат беруге құқылы.

ОЛЖАС ТОҚТАРОВ

Олжас Тоқтаров -  Астана қаласындағы Нәрікбаев атындағы заң университетін 2001 жылы "Құқықтану"мамандығы бойынша бітірген. "Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ бас заңгері, "Орталық Азия жылу энергетикалық компаниясы" АҚ Басқарушы директоры болып жұмыс істеген. "United Capital" ЖШС президенті, "SAT&Company"АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі ретінде қызмет еткен. "Астана Банкі" АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болған.