"Шығыс пен Батыс арасындағы көпір" – БҰҰ Бас хатшысы Қазақстанға осындай баға берді

Сырым Қаржас

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Ұйымның Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесіп, Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға қосып келе жатқан үлесін жоғары бағалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сыртқы істер министрлігі

БҰҰ-НЫҢ ӨҢІРЛІК ОРТАЛЫҒЫ

Кездесу барысында тараптар БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясының назарында тұрған халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сондай-ақ БҰҰ-ның ҚР мен өңірдегі қызметін, оның ішінде Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстандағы тұрақты даму жөніндегі Өңірлік орталығын құру шеңберіндегі бастамасын талқылады.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі елдің БҰҰ Жарғысының негізгі мақсаттары мен қағидаттарына адалдығын Аатап өтіп, БҰҰ Бас хатшысын дүниежүзілік ұйымның жалпыға ортақ бейбітшілік пен өркендеу жолындағы қызметін толық қолдайтындығына сендірді.

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Ал өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысы Қазақстан мен жаһандық ұйым арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және адам құқықтарын қамтамасыз етуге қосқан үлесін жоғары бағалады.

«Біз үшін Қазақстан жоғары дәрежелі серіктес, мультилатерализмнің тірегі, мәдениеттер, діндер мен өркениеттер арасындағы диалогтың жолсерігі. Сіздің еліңіз Орталық Азияның іргелі тірегі бола отырып, Шығыс пен Батыс арасындағы көпір», – деді А.Гутерриш.

Еске сала кетсек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясының Жалпы саяси дебаттарында сөз сөйледі.

Сондай-ақ ол БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.