«Радикалды, сепаратистік контенттер бар»: тағы бір депутат TikTok-ты бақылауға шақырды

Аян Өрібай

Сенатор Геннадий Шиповских әлеуметтік желілерге өз мазмұнын қатаң бақылауды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

СЕНАТОР НЕ ДЕЙДІ

Сенатор Геннадий Шиповских үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Қазақстандағы TikTok әлеуметтік желісін реттеуді күшейту керектігі туралы мәселе көтерді. Депутат платформаны пайдаланушылардың көбейіп бара жатқаны және оның ішінде жасөспірімдердің көптігіне, одан кейін бұл платформа мазмұнының теріс әсеріне алаңдаушылық білдірді. Кейбір пайдаланушылар TikTok-ты жақсы мақсатта пайдаланып жатса да ол шөлге тамған тамшыдай болып отыр. Білім деңгейін көтеру мен тарихты зерделеу және т.б. керек тақырыпта пайдаланушылар жалпы мазмұнның аз ғана бөлігі екені атап өтілді.

Депутаттың пікірінше, балалардың психикасы мен жалпы денсаулығына теріс әсер ететін, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен деректердің құпиялылығына қауіп төндіретін бейнекөріністер платформада кеңінен таралуда. Геннадий Шиповских Франция, Канада, Қырғызстан сияқты көптеген елдер TikTok-ты пайдалануды шектеу жөнінде шаралар қабылдағанын атап өтті.

ОЛ НЕН ҰСЫНДЫ

Депутат Геннадий Шиповских осыған байланысты балаларды қорғау және ұлттық қауіпсіздікті нығайту мақсатында бірқатар шараларды ұсынды.

«TikTok платформасы экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритмді ұсынуы керек. Сондай-ақ TikTok платформасы жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы желі ұсынуы тиіс. 13 жасқа толмаған балалардың TikTok-қа ата-анасының телефонынан кірген жағдайда Face ID технологиясы арқылы бұғаттау механизмін қарастыру керек. Олай болмаған жағдайда елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз. Бұл мәселелердің шешімін табу ел азаматтарының денсаулығын және моральдық құндылықтарын сақтап қалуға, сондай-ақ жастар арасында таралып жатқан қауіпті әдеттерді азайтуға бағытталған қадам болмақ», – деді сенатор Геннадий Шиповских.

Бұған дейін Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп әлеуметтік желіде TikTok-тың балаларға деген орасан зор залалына назар аударып, кеселмен мемлекеттік деңгейде күресу керектігін айтқан еді. Мәжілісмен Ерлан Сайыров та осындай мәселе көтерген.