НАТО-ның бас хатшысы Зеленскиймен кездесті

Ілияс Бақыт

НАТО-ның жаңа бас хатшысы Марк Рютте Украинаға барып, Владимир Зеленскиймен кездесті. Нидерландының бұрынғы премьер-министрі қазанның бірінде НАТО-ның бас хатшысы қызметіне кірісті, ал екі күннен кейін Киевке барды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Зеленскийдің Telegram арнасынан

КЕЗДЕСУДЕ НЕ АЙТЫЛДЫ

УНИАН агенттігінің мәліметінше, Рюттемен кездесуде президент Зеленский елдің Солтүстік Атлантикалық альянсқа қосылу мәселесін көтерген. Владимир Зеленский Украина НАТО-ның 33-ші мүшесі бола алатынын атап өтті.

«Бұл өте маңызды қадам. Оған жету қиын. Біз осы нәтижеге қол жеткізуге ниеттіміз, оны жүзеге асыру үшін бар күшімізді саламыз», – деді Зеленский.

ҚАРУ-ЖАРАҚ ЖАЙЫ

Украина президенті екінші негізгі мәселе ретінде елді қару-жарақпен қамтамасыз ету жайын атады, оның көлемі мен құрамын 9-11 шілдеде өткен НАТО саммитінде бекіткен.

«Ең алдымен, әңгіме әуе қорғанысы жүйелері, Patriot және STAMP-T туралы болып отыр. Біз саммитте уәде етілгендерді және қосымша жүйелерді алуға жақындап келеміз», – деп атап өтті Владимир Зеленский.

Оның пікірінше, НАТО-ның жаңа бас хатшысының сапары альянстың Украинаны дос әрі одақтас ретінде басымдықпен қарайтынын көрсетеді.

БІРІНШІ РЕТ ЕМЕС

Марк Рютте Украинаға бесінші рет барды: 2022 жылы Ресеймен толық ауқымды әскери қақтығыс басталғалы ол Харьков, Одесса және Киевке төрт рет келген еді.