Қазақстан-Ресей шекарасында кептеліс: МКК пікір білдірді

Қалижан Бектемір

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қазіргі таңда «Жайсаң» өткізу бекетінде жүк көліктерінің кептелісі жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі

Бұған дейін БАҚ-та Ақтөбе облысындағы «Жайсаң» бекетінің алдында жүк көліктерінің бірнеше шақырымдық кезегі қалыптасқаны туралы ақпарат тараған еді.

Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті қазіргі уақытта «Жайсаң» өткізу бекетінде жүк көліктері кептелісінің жоқтығын, бақылау-өткізу бекетінің қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлайды. Тәулік ішінде Ресей Федерациясының шекарасынан өту үшін кезекте тұрған жүк көліктерінің саны 50 көліктен аспайды, -  делінген ведомство хабарламасында.

«Жайсаң» бекетінен күніне орта есеппен 1,6 мыңнан астам жүк және жеңіл көлік өтеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара демаркациясы: құжаттардың жаңа жобалары бекітілді

Сондай-ақ Комитет шекараның Қазақстан жағындағы өткізу бекетінде әр бағытта төрт жол сызығы, Ресей жағынан «Сағарчин» өткізу бекетінде бір жолақ бар екенін атап өтті.

Мемлекеттік кірістер органдары тарапынан жұмыс әдеттегідей жүргізіліп жатыр, бақылау-өткізу пунктінде барлық құжатты тіркеу терезелерінің жұмысын қамтамасыз ететін 4 қызметкер жұмыс істейді, өткізу пункті ішінде жүргізушілер мен автокөліктердің кезегі жоқ, - делінген хабарламада.