Қазақстанда ҰҚШҰ оқу-жаттығу жиыны аяқталды

Сырым Қаржас

Қазақстанда ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығулары аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қорғаныс министрлігі

АНЫҚ-ҚАНЫҒЫ

Бүгін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің "Жағалау" оқу-жаттығу полигонында "Мызғымас бауырластық – 2024" оқу-жаттығуы аяқталды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұжымдық бітімгерлік күштер берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындаған. Оқу-жаттығу барысында ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерінің бітімгерлік операциясына дайындығы және оны өткізу мәселелері пысықталды.

МАҚСАТЫ

“Оқу-жаттығу барысында ведомствоаралық және халықаралық өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін қорғаныс және басқа ведомстволар арасындағы іс-қимылды үйлестіруге ерекше назар аударылды”, делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ ҰҚШҰ бітімгерлік күштерінің "Мызғымас бауырластық – 2024" командалық-штабтық оқу-жаттығуына БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларында тікелей тәжірибесі бар және дайындықтан өткен нұсқаушылар тартылды. ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерінің бөлімшелері бақылау-өткізу пункттерінде, босқындарды қабылдау пункттерінде бітімгерлік міндеттерді бірлесіп шешті, жергілікті жерді патрульдеуді жүзеге асырды және гуманитарлық көмек көрсетілді.

Еске сала кетсек, ҰҚШҰ бітімгерлік күштерінің "Мызғымас бауырластық – 2024" командалық-штабтық оқу-жаттығуына Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан бітімгерлік күштерінің ұлттық контингенттері, ҰҚШҰ Біріккен штабы мен Хатшылығының жедел топтары қатысты. 

КЕРЕК ДЕРЕК

ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) – әскери одақ. Оның құрамына Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіреді. Армения жақында ҰҚШҰ-ға мүшеліктен шығып кетті.