Жалпыұлттық референдум: Алматыда халықтың белсенділігі төмен

Ғалиасқар Думан

Алматының сайлау учаскелерінде сағат 10:00-ге дейінгі жағдай бойынша АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдумға келушілер белсенділігі төмен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

Фото: Ulysmedia

Ұлыс тілшісі барған 4 учаскедегі жағдай ұқсас.

Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназияда орналасқан №248 және №247 учаскелерге әрқайсысына 30 шақты сайлаушы келген. №248 учаскеде 2779 сайлаушы тіркелсе, №247 учаскеде 2575 сайлаушы тіркелген. Мектептің ауласында патриоттық сарындағы әндер ойнап тұр.

№247 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Бақтияр Жарылқапов күн жексенбі болғандықтан, тұрғындардың учаскеге келуі әдетте түс, түстен кейін қыза түсетінінін, қазіргі уақытта негізінен үлкен кісілер келіп жатқанын айтады.

№65 мектеп гимназиядағы қос учаскедегі жағдай да осынадай.

№274 учаске төрағасының сөзінше, тіркелген 2603 адамның 70-ке жуығы дауыс беруге келген. Мұнда да негізінен үлкен кісілер келуде.

Бүгін елде елде рефрендум комиссиясының 70 мыңнан астам мүшесі жұмыс істейтін 10 мыңнан астам учаске жұмысын бастаған.

Егер сайлаушылардың 50% астамы қатысса, референдум өткізілді деп есептеледі.

Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша дауыс беруді қадағалауға 30 мемлекеттен 177 шетелдік бақылаушы және 37 елден 200 журналист келеді.