Азаматтық алуға арналған тест дайындау үшін 18 млн теңге бөлінеді

Әлихан Асқақ

Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан азаматтығын алу үшін үміткерлердің мемлекеттік тілді, ҚР Конституциясының негіздерін, Қазақстан тарихын білу деңгейін анықтайтын емтиханды әзірлеу және бекіту үшін 18 миллион теңге жұмсамақшы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

Бұл туралы Ашық НҚА порталындағы құжат жобасында көрсетілген.

ҚАНША ҚАРЖЫ

Жобаны қабылдау республикалық бюджеттен 18 000 000 теңге көлемінде қаржылық шығын талап етеді. Бұл қажеттілік 2024-2026 жылдарға арналған "Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту" бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландырылады, – делінген құжат түсіндірмесінде.

Естеріңізде болса, бұдан былай Қазақстан республикасының азаматтығын алғысы келетін адамдар қазақ тілінен, Қазақстан тарихынан және ҚР Конституциясынан емтихан тапсыратыны туралы хабарланған болатын. Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ тілі және Қазақстан тарихы мен Конституциясы бойынша емтихан тапсырудың ережелерін әзірлеген еді. Оған сәйкес емтихан тест форматында өтеді. Тест 100 сұрақтан тұрады. Оның ішінде:

ТАЛАП ҚАНДАЙ

Қазақ тілі бойынша – 60, оның ішінде: тыңдалым бөлігі бойынша – 20, оқылым бөлігі бойынша – 40 сұрақ;
ҚР Конституциясының негіздері бойынша – 15 сұрақ;
Қазақстан тарихы бойынша – 25 сұраққа жауап беру бар.
Қазақстан азаматтығын алу үшін жеткілікті шекті балл – 60. Оның ішінде үміткер:
Қазақ тілінің тыңдалым бөлігі бойынша – кемінде 12 балл, оқылым бөлігі бойынша – кемінде 24 балл;
ҚР Конституциясының негіздері бойынша кемінде – 9 балл;
Қазақстан тарихы бойынша – кемінде 15 балл жинауы керек.
Тестілеуге берілетін жалпы уақыт – 2 сағат 10 минут.