56 миллион теңге: «Қазақстан темір жолына» қарасты компаниядан ақша ұрланған

Ілияс Бақыт

ҚТЖ өзіне қарасты "ҚТЖ-Жүк тасымалы" компаниясынан 56 миллион теңгенің ұрланғанын анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

КІМДЕР ҰРЛАҒАН?

Компания материалдарды құқық қорғау органдарына тапсырып, кінәлілерді табуды сұрайды.

"ҚТЖ "ҰК" АҚ өзінің еншілес ұйымы – "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС-ға қатысты жүргізген ішкі қызметтік тергеу нәтижелері бойынша 56 млн теңгеден астам қаражатты ұрлау фактілері анықталды", делінген хабарламада.

ҚТЖ қылмыскерлерді анықтау және материалдық залалды өтеу үшін құқық қорғау органдарына өтініш жолдады.

КОМПАНИЯНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ТУРАЛЫ

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата басшысы Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» АҚ үшін көңіл көншітпейтін болжам айтты. Оның сөзінше, ҚТЖ арқылы жүк айналымы өз құнынан 73 пайыз төмен, шығын 907 миллиард теңгені құраған. Сонымен қатар, ол ҚТЖ міндеттемелерін өтей алмай отырғанын, несиелік тәуекелдің «қызыл» аймағында тұрғанын, компанияның биылғы жылдың басындағы берешегі 2,9 трлн теңгені құрайтынын және оның өсіп жатқанын атап өткен.

«Самұрық-Қазына» АҚ экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов компания ҚТЖ-ның 2,9 триллион теңге қарызын айтарлықтай күрделі жағдай деп санамайтынын айтты.