«Кешірім сұраймыз»: Қостанай әкімдігі Жітіқарадағы 5 баласы қаза тапқан отбасыға баспана алып беретін болды

Ілияс Бақыт

Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтты, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

АҚСАҚАЛОВ НЕ ДЕЙДІ?

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Жітіқарадағы қайғылы жағдайға байланысты брифинг өткізді. Әкімнің сөзінше, тамыздың аяғында өртке оранған үйде тексеріс жүргізіліген. 

“Қазіргі уақытта біз тиісті қызметтердің өз міндеттерін атқарып, осындай қайғылы жағдайларды болдырмау үшін бәрін жасаған-жасамағанын тексеріп жатырмыз. Біріншіден, есепте тұрған отбасыларды газ анализаторларымен жабдықтауымыз қажет. 2019 жылы бұл үйге газ анализаторы орнатылған болатын. Ол жұмыс істеді. Жылына екі рет және жылыту маусымы басталар алдында ТЖ қызметінің мамандары осы датчиктерді тексеріп отырды. Тамыз айында бұл үй тексеріліп, жабдықтар жұмыс істеп тұрған. Алайда, баланың айтуынша, бір нәрсе жанып кеткен... Барлық мән-жайларды комиссия анықтап жатыр. Өкінішке қарай, осындай трагедия болды. Біз кешірім сұраймыз”, – деді Ақсақалов.

Құмар Аксакалов бұл отбасына көмек көрсетілетінін де атап өтті.

“Бүгін немесе ертең оларға барлық қажетті техникасымен бірге жаңа үй сатып алынады. Біз оны 1-2 күннің ішінде орындаймыз”, – деп мәлімдеді облыс әкімі.

Ақсақаловтың айтуынша, қайтыс болған балалардың отбасы бұрын әлеуметтік көмек алушылар ретінде есепте тұрған.

ЖІТІҚАРАДАҒЫ ТРАГЕДИЯ

Бүгін таңғы сағат 04.29-да Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден өрт шығып, шатыры опырылып түскен. Салдарынан 5 бала қаза тапты.

МӘН-ЖАЙЫ

Оқиға орнына 7 минут ішінде құтқарушылар келіп жеткенше, үй толығымен отқа оранған. Өрт сөндірушілер тез арада өртті сөндіріп, үйінділерді тазартуға кірісті. Сағат 06:08-де өрт оқшауланып, толығымен сөндірілді.    

Апат кезінде үйде ересектердің қарауынсыз кәмелетке толмаған 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023  жылдары туған балалар  болған. Өкінішке қарай, үйінділерді тазарту барысында  бес баланың денесі табылды. Балалардың үлкені, 2011 жылы туған бала ғана аман, зардап шекпеген. Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешкісін құрбысына кеткен, ал жұбайы түрмеде отыр.