Қазақстанда халықтың 20,7%-ы темекі тартады – сауалнама

Қалижан Бектемір

Ұлттық статистика бюросы темекі тұтыну бойынша өңірлерде сауалнама жүргізген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН КӨШ БАСТАП ТҰР

2024 жылдың шілдесінде Ұлттық статистика бюросы ересек тұрғындар арасында темекіні тұтыну туралы кезекті жыл сайынғы зерттеу жүргізген. Сауалнама республиканың барлық өңірін, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қамтыған. Оған 15 жастан асқан 11824 үй шаруашылығының бір мүшесі жауап берген.

Зерттеу нәтижесінде сауалнамаға қатысқан үй мүшелерінің жалпы санынан қазіргі уақытта халықтың 20,7% (2023 жылы – 20,4%) немесе ерлердің – 39,8%, әйелдердің – 7,6% темекі шегеді. Ауылдық жерлерде темекі тартатындардың үлесі 22,3%, қалалық жерлерде – 20% құрады. Темекі шегетін халықтың жалпы санының 83,7% өнеркәсіпте жасалған темекіні шегеді. Өңірлер арасында темекі шегушілердің ең көп үлесі Шығыс Қазақстан облысында (27,6%) тіркелді, – деп мәлімдеді бюро.

ТЕМЕКІГЕ – ТЫЙЫМ

Үйде темекі түтінінің әсеріне жалпы халықтың 9,2% ұшырайды, оның ішінде 8,5% темекі шекпейтіндер, жұмыста темекі түтініне халықтың 6,6% ұшырайды, оның ішінде 6,2% – темекі шекпейтіндер. Қоғамдық тамақтану орындарында сауалнамаға қатысқан респонденттердің 11,5% темекі түтініне ұшырайды, оның 10,9% – темекі шекпейтіндер.

Темекі өнімдерін шегу ауру тудырады деп есептейтін респонденттердің үлесі 85,8% құрайды, сонымен бірге отбасы мүшелерінің темекі өнімдерін тұтынуына қарсы болған респонденттердің үлесі небәрі 4,6%. Барлық жерде темекі шегуге толық тыйым салатын заңнамалық бастамаларды енгізуге сауалнамаға қатысқан респонденттердің 72,2% қолдау білдірген, – делінген хабарламада.

Бұған дейін Түрікменстаннан ірі көлемдегі контрабандалық темекі партиясын әкелгендер ұсталған болатын.