Орал қаласында дәрігерлердің салғырттығынан әйел қайтыс болған

Қалижан Бектемір

Орал қаласының тұрғыны анасының өлімі үшін ауруханадан моральдық залал ретінде 2 млн теңге өндіріп алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: egemen.kz

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жоғарғы сот мәліметіне қарағанда, 2019 жылы жедел жәрдем бригадасы дене қызуы көтерілген 76 жастағы әйелді жалпы әлсіздікпен Орал қалалық ауруханасына жеткізген.

Дәрігерлер созылмалы бронхит пен пневмония деген диагноз қойып, терапия бөліміне жатқызған. Бірақ ем нәтиже бермей, науқастың жағдайы ауырлаған.

Компьютерлік томография плеврит деген күдікті көрсеткен.

Төрт аптадан кейін науқастың жағдайы нашарлауына байланысты облыстық ауруханаға жеткізіліп, сол жерде қайтыс болған.

Жоғарғы сот мәліметінше, қайтыс болған әйелдің ұлы Денсаулық сақтау басқармасына дәрігерлердің салғырттығы мен тиісті ем қабылдамағаны туралы шағыммен жүгінген, тексеру барысында аурухана тарапынан заң бұзушылықтар анықталған. Тексеру материалдары Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментіне жолданып, қылмыстық іс қозғалып, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты бірнеше рет тоқтатылып, прокуратура күшін жойған.

ЖОҒАРҒЫ СОТ МӘЛІМДЕМЕСІ

Денсаулық сақтау басқармасы қалалық аурухананың қарсылығын қабылдамағандықтан, марқұмның ұлы ауруханадан моральдық шығынды өтеу туралы Орал қаласының № 2 сотына шағым түсірген. Ол ананың өліміне сапасыз медициналық көмек пен қалалық аурухана дәрігерлерінің әрекетсіздігі себеп болғанын атап өткен. Сондай-ақ талап қоюшының анасы емделіп жатқан аурухананың терапия бөлімінде жалпы практикалық дәрігердің куәлігі бар маман жұмыс істегені, оған құқығы жоқ екені туралы факт белгілі болды. Сарапшы науқасқа оның жасы мен онда бар созылмалы аурулары, соның ішінде бүйректің жедел зақымдануын тудырған антибиотиктер ескерілмей, дәрі-дәрмек тағайындалғанын жеткізді. Тиісті бактерияға қарсы препараттар мен гемодиализді енгізу науқастың өмірін ұзартуы мүмкін еді, – деп хабарлады ведомстводан. 

Бұған дейін Рудныйда үш жасар бала магнит жұтып, қайтыс болған еді. Кейін дәрігерлер тергеуге алынған.