Дәулет Тұрлыхановтың ұлы тойда төбе көрсеткеннен кейін түрмеге жабылуы мүмкін

Айнель Аянова

Депутат Дәулет Тұрлыхановтың пробациялық бақылауда жүрген ұлы қамауға алынуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

Коллаж Ulysmedia

НЕ ЖАҒДАЙ

Депутат Дәулет Тұрлыхановтың шартты мерзімде жүрген баласы кезекті рет пробациялық бақылау тәртібін бұзған. Әлеуметтік желіде оның салтанатты кеште жүргені көрсетілген видео тарап жатыр. Оқиға 11 қазан күні Алматы болған. Бостандығын шектеу тәртібіне сай, депутаттың баласына мұндай іс-шараларға баруға шектеу қойылған.

ҚАЖК МӘЛІМДЕМЕСІ

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Нұрасыл Болат пробациялық бақылау талабын бұзғандықтан, оның жазасы бостандығын шектеуден, бостандықтан айыруға ауыстырылуы мүмкін екенін хабарлады.

“Аталған сотталушы жазасын бас бостандығын шектеу түрінде өтеп, Алматыдағы пробация қызметінің есебінде тұрған. Пробациялық бақылу талабын бұзғаны үшін сотталушыға ескерту жарияланды, жазаны бостандығын шектеуге ауыстыру мәселесі бойынша сотқа материал дайындалып жатыр” делінген комитет хабарламасында.

БҰҒАН ДЕЙІН

Тамыз айының ортасында куәгерлер Нұрасыл Болатты түнде көшеде еркін жүргенін байқаған.

НҰРАСЫЛ БОЛАТТЫҢ ІСІ

2023 жылдың 11 ақпанынла әскери қызметкер Нұрасыл Болат Алматыдағы түнгі клубтың жанында ерлі-зайыпты Анна мен Олег Черновтарды ұрып-соққан болатын.

2023 жылдың қазан айында Алматы гарнизонының әскери соты депутаттың ұлына 1 млн 720 мың теңге айыппұл салған. Бұдан басқа, жәбірленушілердің пайдасына 1 млн теңге мөлшерінде моральдық өтемақы және өкілдің қызметтеріне ақы төлеу бойынша 1,6 млн теңге сомасында шығын өндірілді. Зардап шеккен тараптың адвокаттары судьяның шешімімен келіспей, шағым түсіріп, ған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Осылайша, бірнеше инстанцияда қаралған іс жоғарғы сотқа жетіп, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Нұрасыл Болатқа екі жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындаған. Сондай-ақ, моральдық зиянды өтеу сомасы әрқайсысына 1 млн теңгеге дейін ұлғайтылған.