Алматыда діни араздықты қоздырды деген күдікті ұсталды: жақтастарынан 60 миллион теңге жинаған

ІІМ

Алматыда діни экстремистік идеяларды таратып, діни араздықты қоздырды деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ол шетелде жүріп онлайн дәрістер өткізген, Telegram желісіндегі жабық топтарды басқарған және жақтастарынан 60 миллион теңгеден астам қаржы алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Полиция мәліметінше, ер адам 2024 жылдан бері Қазақстаннан тыс жерде жүрген. Соған қарамастан, ол жақтастарымен байланысын үзбей, интернет арқылы радикалды көзқарастарын таратып отырған. Бұл үшін Telegram желісіндегі жабық топтарды пайдаланып, онлайн дәрістер оқыған және пікірлестерімен байланыс орнатқан.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті шетелдегі оқу орындарында діни білім алған және өз жақтастары арасында беделге ие болған. Бұған дейін сот оның аудиодәрістерінің бір бөлігін экстремистік материалдар деп таныған. Сараптама нәтижесінде аталған жазбалардан терроризмді насихаттау және діни араздықты қоздыру белгілері анықталған.

Жақтастарынан миллиондаған теңге алған

Тергеу мәліметінше, 2024-2025 жылдары ер адам пікірлестерінен 60 миллион теңгеден астам қаржы алған. Құқық қорғау органдары күдіктінің әрекетін ұзақ уақыт бақылап, оның интернеттегі белсенділігін де қадағалаған.

11 қарашада ұзақ уақыт жүргізілген жедел-іздестіру шараларынан кейін ер адам Алматыда ұсталды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері Алматы қаласы мен Жамбыл облысында тергеу амалдарын жүргізді.

Тінту кезінде діни әдебиеттер мен қолжазбалар тәркіленді. Тергеудің алдын ала бағалауынша, олардан экстремистік идеологияның белгілері байқалады.

Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазір ІІМ істің барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің әрекетіне қатысы болуы мүмкін өзге адамдарды іздестіріп жатыр. Сондай-ақ, оның сыбайластарының бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Сізге қызық болуы мүмкін