БЖЗҚ жеткілікті сома неліктен өсіп кеткенін түсіндіруге тырысты

Ulysmedia

Бүгін таңертең Зейнетақы қоры жариялаған хабарламаға қатысты халық наразылығына «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов жауап берді деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөзден

«2021 жылдың 2 желтоқсанында Қазақстан Республикасының «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына қол қойылды, онда 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді ұлғайту көзделген. Ең төменгі жалақы қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейетін болады. Сондай-ақ, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері және басқа да әлеуметтік көрсеткіштер өсті», - деп хабарлайды БЖЗҚ.

Қор бұл өзгеріс ең төменгі зейнетақы көлемінің өзгеруіне байланыстыты болғанын алға тартады.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңда «зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі - міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған, ай сайынғы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес ең төмен мөлшері» деп белгіленген.

Ең төмен жеткіліктілік шегі (ТЖШ) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылдың 2 қазанындағы №1042 қаулысымен бекітілген Әдістемеге (2021 жылдың 6 қаңтарындағы өзгерістерімен және толықтыруларымен) сәйкес жыл сайын қайта есептеліп отырады және БАҚ-та жарияланады.

Бекітілген Әдістемеге сәйкес, ТЖШ мөлшері әрбір жас ерекшелігі үшін анықталады және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуін (индекстелуін) ескереді. Есептеуде ҚР «Республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Осыған байланысты ТЖШ мөлшері аталған көрсеткіштердің жыл сайын өсуін ескере отырып есептеледі.

Бұл көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты Үкіметтің қолданыстағы қаулысына сәйкес 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ТЖШ шамалары қайта есептелді. ТЖШ асатын сомасы бар азаматтар өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделуге ақы төлеу, сондай-ақ, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалана алады», - делінген түсініктемеде.