«Кешірімді елміз»: министр Мырзабосынов Черчесовты қолдауға шақырды

Ілияс Бақыт

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Станислав Черчесовқа қатысты желідегі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: 1bol.kz

ОРЫНСЫЗ ҚАЛЖЫҢ

Мырзабосынов Станислав Черчесовтің «француз тілі» туралы қалжыңы орынсыз болғанын айтты. Мұны Қазақстан футбол федерациясы да, бапкердің өзі де түсінгенін жазды.

“Черчесовтің басты міндеті – ұлттық құраманы жаңа деңгейге шығару. Ендеше, оған ең алдымен кәсіби қызметіне қарап баға беруге шақырамын. Біз қашаннан қонақжай, дархан мінезді, кешірімді елміз. Бізді мықты ел ететін де осы қасиеттер. Сондықтан мәселені одан әрі өршіте бермей, халқымызға тән кеңпейілдік танытқанымыз абзал. Кез келген даулы мәселені ақыл-парасатпен шешетін толерантты, өркениетті, яғни дана қоғам екенімізді көрсете білейік”, – деді министр Мырзабосынов.

Әрі қарай спорт министрі Станислав Черчесовтің халықаралық деңгейдегі танымал футболшы екенін әрі 20 жылдық тәжірибесі бар кәсіби жаттықтырушы екенін айтып, жанкүйерлер үмітін ақтайды деп сенім білдірді. 

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Бұған дейін Қазақстан футбол командасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске “сен француз тілінде сөйлеп отырсың ба?” деген. Осы сөзі қоғамда қызу талқыға түсіп, оны сынағандар көбейді. 

Медиасарапшы Молдияр Ергебеков Станислав Черчесов осы сөзі арқылы ұлтаралық араздықты қоздырып отырғанын айтады.

“Қазақ тілінде сұрақ қойған журналистке нәсілшіл тілмен жауап берді. Бір мемлекетке келіп, сол мемлекеттің мемлекет тіліне құрмет көрсетпеу – ұлтаралық араздықты қоздыру, ал сол тілді түсінбегенсіп мазақтау – нәсілшілдік. Сұрақ: Станислав Черчесов Қазақстан Республикасы заңы бойынша жауапқа тартыла ма?” деп жазды сарапшы фейсбуктегі парақшасында.

Федерация басшысы Әділет Бәрменқұлов шектен шыққан Черчесовке айыппұл салынғанын айтқан.