Зеленский Украинаның ядролық қару жасамайтынын айтты

Ілияс Бақыт

Украина президенті Владимир Зеленский ел атом бомбасын жасамайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz BBС қызметіне сілтеме жасап.

Ашық дереккөзден

Бейсенбі күні кешке Брюссельде өткен баспасөз конференциясында журналист Зеленскийге сол күні басқа брифингте айтқан сөздерін еске салып, Украинаға өз ядролық қаруын жасауға қанша уақыт қажет болатынын сұрады.

«Кейде біз өзімізге мәселе туындатамыз, ал сіз қазір осыны жасап жатырсыз. Біз ешқашан ядролық қару жасаймыз немесе сол сияқты нәрселермен айналысамыз деп айтқан жоқпыз», – деп жауап берді Зеленский.

Украина президенті 1994 жылғы Будапешт меморандумын еске салды, ол бойынша Украина өз аумағында қалған кеңестік ядролық арсеналдан бас тартып, АҚШ, Ресей және Ұлыбритания тарапынан қауіпсіздік кепілдігін алған. Алайда бұл кепілдіктер Украинаны Ресейдің шабуылынан қорғай алмады.

«Бұл Будапешт меморандумы біздің қауіпсіздігіміз үшін жақсы қорған емес дегенді білдіреді. Сондықтан менде НАТО-дан басқа балама жоқ деп айттым. Менің жеткізген ойым осы болды. Бірақ біз ядролық қару жасап жатқан жоқпыз. Бұл хабарларды таратпауларыңызды сұраймын», – деп Зеленскийдің сөзін агенттік келтіреді.

Бейсенбі күндізгі брифингте Зеленский Украина мен НАТО-ға кіру тақырыбын қыркүйек айының соңында АҚШ-қа сапары барысында Дональд Трамппен талқылағанын айтты.

Зеленский Трампқа 1994 жылғы Будапешт меморандумын еске салып, бұл құжат Ресейдің шабуылынан Украинаны қорғай алмағанын атап өткен. Сондықтан, қазір елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің екі жолы бар: не ядролық қаруға қайта ие болу, не НАТО-ға кіру, және Украина екінші жолды таңдайды деген ол кездесуде.