Полиция алматылық көлік жүргізушілеріне ескерту жариялады

Ғалиасқар Думан

Алматы қаласының көлік жүргізушілеріне полиция департаменті маңызды үндеу жолдады, – деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

polisia.kz

МӘН-ЖАЙЫ

– Алдағы күндері ауа райы нашарлап, жаңбыр мен қар жаууы, сондай-ақ ауа температурасының төмендеуі күтілуде. Осыған орай, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау мақсатында көлік жүргізушілері мен автокөлік иелеріне дөңгелектерін қысқы кезеңге ауыстыруды алдын ала жоспарлауды ұсынамыз, – деді деп келтіреді polisia.kz полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.

ЗАҢДЫҚ ТАЛАП

Оның айтуынша, “Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы” Кеден одағының техникалық регламентінің (ТР КО 018/2011) талаптарына сәйкес, жазғы маусымда (маусым, шілде, тамыз) сырғанауға қарсы тікенектері бар шиналарды пайдалануға тыйым салынса, қысқы кезеңде (желтоқсан, қаңтар, ақпан) қысқы шиналарсыз көлік құралдарын басқару заңмен шектеледі.

Бұл ретте қысқы шиналар көліктің барлық дөңгелектеріне орнатылуы тиіс.

1 желтоқсаннан кейін осы талаптарды орындамаған жағдайда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 5-бөлігіне сәйкес, көлік иелеріне 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.