Базарбек VS Шарлапаев: Бектенов дауда кімді қолдады

Аян Өрібай

Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеуге шыққан шығынға байланысты депутат Бақытжан Базарбек пен өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың бір-бірімен дауласып жатқанына біраз уақыт өтті. Екі жақ бір-біріне бет қарататын емес. Базарбек "оқушының рефератымен бірдей жоба құжаты үшін 300 млн теңгеден артық шығын шығарды" десе, "Шарлапаев аудит тексерген, ақша орнымен жұмсалды" деп өз аргументін келтіреді.

Депутаттың осы шығын жіті тексерілуі керек деп талап еткен сауалына бұл жолы премьер-министр Олжас Бектенов жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

БЕКТЕНОВ НЕ ДЕЙДІ

Құрылыс жобасының құжатын әзірлеу міндетін «ҚазҚСҒЗИ» АҚ алған. Республикалық бюджеттің шешішімен жобаны әзірлеуге 382,5 млн теңге қарастырылған. Осы жоспарлы соманың 363,4 млн теңгесі бөлінген. Депутат «шығынды тексеру керек» деп бастама көтергеннен кейін Қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитеті іске кіріскен. Тексеру қорытындысы бойынша процедуралық сипатта бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Алайда бұл қорытындыға Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі апеллция шағымын түсіріп, оның шағымы ішінара қанағаттандырылған.

Олжас Бектенов депутатқа берген жауабында кодекс жобасы құрылыс саласын, сәулет, бұл саланы қоғамдық бақылау, бәсекелі ортаға сертификат беру тетіктері қамтығанын, нормалардың ішіне сейсмикалық аумақтағы жобалау, сейсмикалық қауіптерді ескеру мәселелері енгізілгенін хабарлайды. Одан бөлек қазіргі заңнамаға талдау жүргізіліп, мемлекеттік реттеудің жаңа форматын құру жоспарланғанын атап өтеді.

«Қаржы министрлігімен қосымша жұмыс жүргізілгеннен кейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Бюджет кодексі талаптарын сақтағаны анықталды. Ал кодекс жобасын әзірлеу заңды түрде 2023 жылғы мемлекеттік тапсырма тізіміне енгізілген. Өз тарапынан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «ҚазҚСҒЗИ» АҚ арасындағы өзара міндеттемелер орындалды. Оны заңсыз деп тануға негіз жоқ», – дейді Бектенов жауабында.

Сонымен қатар, Олжас Бектенов «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-қа бөлінген 363,4 млн теңге кодекс жобасын әзірлеген қызметкерлерге ақы төлеуге, ғимаратты жалға алуға, халықаралық тәжірибелерді зерттеу мақсатындағы іссапарларға, аймақтарға шығуға, кодекс жобасын талқылау үшін әртүрлі іс-шараларды өткізуге кеткенін хабарлайды. Жауапта сонымен қатар «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-тың қосымша ұйымды жобаға тартуына 60 млн теңге жұмсалғанын, ол сома сол ұйымдағы қызметкерлердің ақысын төлеуге жұмсалғаны жазылған. 

«Осылайша, бюджеттен бөлінген қаражат нысаналы мақсатына бағытталды», – дейді Олжас Бектенов жауабында.

БАЗАРБЕКТІҢ ӨТКІР СЫНЫ

Еске сала кетейік, бұған дейін Бақытжан Базарбек үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында құрылыс кодексінің жобасына 291 млн теңге бюджет қаражаты негізсіз жұмсалғанын айтқан еді. Депутаттың сөзінше, құжат сапасыз. Осылайша, қомақты қаржының бөлінуі де тиімді құжат әзірлеуге көмектеспеген. “Құрылыс кодексінің 98-99%-ы қолданыстағы заңдардан тұрады және ешқандай жаңашылдығы жоқ” деді мәжілісмен. 

Осыған байланысты бір топ депутат мұндай сапасыз кодекс жобасына бюджет қаражатын жұмсаудың орындылығы туралы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне жүгінген. Базарбек оның алдында құрылыс кодексінің жобасын “10-сыныптың оқушысы жаза алады” деп тағы бір сынаған еді.

ШАРЛАПАЕВТЫҢ ЖАУАБЫ

Қанат Шарлапаев кеше мәжілісмен Бақытжан Базарбектің құрылыс кодексін әзірлеу кезінде "300 млн теңгеге жуық сома желге ұшты" деген ақпаратына түсініктеме берген еді. Ол депутат таратқан ақпаратпен келіспей, аудит қорытындысы барын айтады.

Алайда депутат оған қанағаттанбайды. «Шарлапаев бізді мазақ етіп отыр» деп Базарбек ашуға мінген.