"Ешқашан соғыстың басталуына жол бермеуі керек еді" Трамп Зеленскийді айыптады

Ғалиасқар Думан

Патрик бет-Дэвидпен бірге PBD подкастында сөйлеген сөзінде Дональд Трамп Ресей Украина аумағына басып кіргеніне қарамастан, Зеленскийдің соғысты тоқтата алмағаны үшін ғана емес, оны бастауға көмектескені үшін де кінәлі деп санайтынын жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

© APA

МӘН-ЖАЙЫ

"Бұл мен оған көмектескім келмейді дегенді білдірмейді, өйткені бұл адамдардың жағдайы аянышты. Бірақ ол бұл соғыстың басталуына ешқашан жол бермеуі керек еді. Ол соғыста ұтылды” – деді АҚШ президенттігіне үміткер.

Reuters оның бұл сөздеріне қарап, сайлауда жеңіске жеткен жағдайда Трамп АҚШ-тың Украинаға қатысты саясатын түбегейлі өзгертуі мүмкін деп болжайды.

Трамп Зеленскийді сайлау науқаны кезінде жиі сынға алып, оны соғыс басталғаннан бері АҚШ-ттан миллиардтаған долларлық әскери көмек сұрап, оны алғаны үшін бірнеше рет "Жердегі ең ірі сатушы" деп атаған.

Ал оның демократиялық партиядан түсіп жатқан қарсыласы Камала Харрис Украинаны қолдауды жалғастыруға уәде берді.

УКРАИНАНЫҢ ЖАҒДАЙЫ

2022 жылғы ақпаннан бері Ресей басқыншылығын тойтарып жатқан Киев батыстық жақтастарының қаржылық, әскери көмегіне мұқтаж.

Кеше Брюссельде таныстырған “Жеңіс жоспарының” мәні де елге қолдауды жалғастыруға негізделген.

«Жоспардың мақсаты — тек Украинаны ғана емес, сонымен қатар біздің бүкіл еуроатлантикалық қауымдастығымызды нығайту. Ресей тек күшпен ештеңеге қол жеткізе алмайтынын көргенде ғана дипломатияға жүгінеді. Біз осы соғысты тоқтатуға қолайлы жағдай жасауымыз керек», – деді Зеленский Брюссельде Еуропалық кеңес көшбасшыларымен кездесуде.