Тіл тартпады: ауыл имамы қыз баланы қағып кеткен

Ілияс Бақыт

Абай облысында жергілікті имам 11 жасар қыз баланы көлігімен қағып кеткен. Жәбірленуші алған жарақат салдарынан қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әлеуметтік желіден

МӘН-ЖАЙЫ

Қайғылы оқиға 14 қазан күні Абай облысында болған. 44 жастағы жүргізуші шамамен сағат 11:40-та баланы қағып кеткен. Жол апатынан кейін ол жедел түрде зардап шеккен қызды ауруханаға жеткізген.

«Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде кәмелетке толмаған бала Үржар аудандық ауруханасында алған жарақаттарынан қайтыс болды. Абай облысының полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін бұзу және абайсызда адам өліміне әкелу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында», – деп хабарлады департамент.

ИТТЕН ҮРКІП ҚАШҚАН

Облыстың бас имамы Асқар Мұқанов ақпаратты растады.

«Көлікті ауыл мешітінің имамы жүргізгені рас. Оның айтуынша, көлік сағатына 40 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүрген. Куәгерлердің айтуынша, қыз бала үйлердің бірінің ауласындағы байлаулы иттің үргенінен қорқып, жолға жүгіріп шыққан. Жүргізуші көлікті тоқтатуға үлгермеген», – делінген ресми хабарламада.

БҰҒАН ДЕЙІН

Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтың Түркістан облысына сапарына жергілікті молдалар ақша жинағаны хабарланған.