Жазушыны есеп үшін жиынға шақырған жастар ұйымы түсінік берді, бірақ кешірім сұрамады

Сырым Қаржас

Жетісу облысының жастар ұйымы жазушы, журналист Қанат Тілеуханның ашына жазған постына жауап жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Ulysmedia коллажы

ҰЙЫМ НЕ ДЕЙДІ

Жетісу облысының жастар ұйымы 29 мамырда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы аталған ұйым мен Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы (тапсырыс беруші) арасында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен парасаттылықты нығайтуға бағытталған жобаны ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалғанын хабарлады. Техникалық ерекшелікке сәйкес, ұйым жыл соңына дейін кемінде 21 іс-шара өткізуді және ұйымдастыруды жоспарлаған.

– Өз кезегінде, 17 қазанда техникалық ерекшелікке сәйкес, басқармамен TEDx форматында іс-шараны, сондай-ақ оның шеңберінде спикер ретінде Қанат Тілеухан шақырылған бағдарламаны өткізу келісілді. Алайда, алдын ала келіссөздер барысында біз спикермен күн тәртібіне сай шараның «Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ» тақырыбында  өтетінің хабардар етпедік және келіспедік. Сондай-ақ, 21 қазанда іс-шараны өткізу күні біз қатысушылардың санын толық қамтамасыз етпедік (кемінде 100 адам), нәтижесінде оғаш себептер орын алды және спикер іс-шараны өткізу орнынан кетті. Жоғарыда айтылғандардың негізінде біз аталған іс-шараның шығындарын өз есебімізге аламыз. Сонымен қатар, іс-шара есептілікке енгізілмейді және қайта өткізіледі, – делінген ұйымның хабарламасында.

Ulysmedia.kz порталы осы мәселенің мәнісін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен түсіндіруді өтінген. Антикор “мәселе зерделеніп жатыр” деп, кейін “жауап болса” жолданатынын хабарлады.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ 

Бұған дейін жазушы, журналист Қанат Тілеухан алданып Талдықорғанда есеп үшін ұйымдастырылған кездесудің еріксіз қатысушысы болғанын ашына жазған еді. Оның хабарлауынша, өткен бейсенбіде Талдықорғаннан бір жігіт хабарласып, кездесу ұйымдастыру туралы ұсыныс айтқан, жазушы туған жердің жұртымен кездеспегеніне көп болғандықтан ұсынысқа келіскен. Алайда Талдықорғанға барған соң кездесу жиыны көзбояушылық екеніне көз жеткізген. Жазушы кездесуге барғанда алдынан “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еркін форматтағы” кездесу деген жазуды көреді. Өзін екі жас қыз қарсы алады. Жазушының “Менің жемқорлыққа қатысым не?” деген сұрағына, күмілжіп дұрыс жауап бере алмаған. Ақыры келген Қанат Тілеухан бір сағат отырып күткен. Бірақ ешкім келмеген. Қайтар кезінде жазушының шотына елу мың теңге түскен. Бір қыз қоңырау шалып, бұл ақшаның қаламақы екенін айтқан. Көзбояушылыққа ренжіген жазушы ақшаны кейін қарай салып жіберген.