Еуроодақ Ресей газының астыртын экспортына тосқауыл қоюды талқыламақ

Әлихан Асқақ

Еуроодақ елдері 2025 жылы қаңтарда Венгрияның Еуропа Одағы кеңесіне төрағалығы аяқталғаннан кейін Ресейге қарсы жаңа санкцияларды талқылауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

Бұл туралы дереккөздеріне сүйеніп Politico басылымы хабарлады.

ТАЛҚЫЛАУ

Politico сөйлескен дереккөздердің айтуынша, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан санкция жөніндегі келіссөздерді тоқтатуға Будапештің төрағалығын пайдаланған.

Азаттықтың мәліметіне қарағанда, 1 қаңтардан бастап Еуропа Одағы кеңесіне Польша төрағалық етеді. Politico басылымының жазуынша, Варшава қазірдің өзінде-ақ Кремльдің маңызды табыс көзі саналатын отын тасымалына бақылауды күшейтуді жоспарлап отырғанын көрсетті.

ЖАҢА САНКЦИЯ

Еуроодақ бұған дейін Ресей мұнайын тасымалдауға шектеу енгізіп, газ сатып алуды едәуір азайтқан. Алайда Мәскеу көптеген айла қолданып, қазір артып келе жатқан "көлеңкелі флотты" пайдаланып отыр деп жазды Politico.

Польша Еуропа Одағы кеңесіне төрағалығын алған соң Еуроодаққа Ресейден қанша отын тасымалданып жатыр деген мәселеде ашықтыққа қол жеткізгісі келеді.

ПОЛЬША ТӨРАҒАЛЫҒЫ

Апта басында Еуропаның он елі, соның ішінде Франция, Чехия және Швеция бірлескен мәлімдеме жасап, "кейінгі уақытта Ресейдің сұйылтылған табиғи газын импорттау көлемі артқаны байқалды" деді.

Құжатта Еуроодаққа тасымалданатын газдың қайдан шығатынын қатаң тексеруге шақырған. Бұл ұсыныс Польша Еуропа Одағы кеңесіне төрағалық етуге кіріскеннен кейін алдағы жылы қаңтарда қаралуы мүмкін.