Түркия өз экспорттаушыларына әскери мақсатта қолданылатын америкалық тауарларды Ресейге тасымалдауға тыйым салды, бірақ оны ресми түрде хабарлаған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ВАШИНГТОННЫҢ СЕСІ
Азаттықтың жазуынша, бұл Батыс санкцияларына қосылмаған және Ресей-Украина соғысында бейтарап позиция ұстануға тырысатын Анкараға Вашингтон Ресей әскери-теңіз күштерін қолдайтын болса, оның "салдары болады" деп сес көрсеткеннен кейін болды.
Кейінгі апталарда түрік билігі электронды кеден жүйесіне өзгерістер енгізді. Ұлыбританияның Financial Times (FT) басылымы бірнеше дереккөзіне сүйеніп осылай деп жазды. Бұл ақпаратқа The Moscow Times сайты назар аударды.
ЕЛУ ТАУАР
Түрік экспорттаушыларына "аса маңызды елу тауар" тізіміндегі америкалық тауарларды Ресейге жеткізуге тыйым салынды. Тізімді АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания және Жапонияның әскери мамандары түзген, олар Ресейдің әскери өнеркәсібі алғысы келетін тауарларды анықтаған.
Оған электроника, процессорлар, ракеталар мен дрондарға арналған жад карталары, қашықтан басқару жүйелері, станоктар мен қару-жарақ өндірісіне қажет басқа да жабдықтар кіреді.
Бұған дейін Еуроодақтан осыларға ұқсас тауарлар тасымалдауға тыйым салынған деп хабарлады Financial Times басылымының екі дереккөзі. Біреуінің сөзінше, шектеу енгізілгені көпшілікке жария түрде хабарланбаған, өйткені бұл "саяси тұрғыдан сезімтал" мәселе.
Тамызда АҚШ сауда министрінің көмекшісі Мэтью Аксельрод Анкара мен Стамбұлда түрік шенеуніктерімен және топ-менеджерлерімен кездескен. Аксельрод Түркия өкілдеріне Анкара мұндай тауарларды Ресейге тасымалдауға тосқауыл қоймаса, салдары жаман болады деп ескерткен.
ЖАНАМА САНКЦИЯ ҚАУПІ
Украинадағы соғыс басталғанға дейін Түркиядан Ресейге аса маңызды делінген тауарлардың ай сайынғы экспорты шамамен 3 млн доллар болған. Түрік статистикасына сәйкес, 2022 жылғы желтоқсанға қарай экспорт 37,6 млн долларға дейін өскен.
АҚШ-тың жанама санкциясы жарияланғанға дейін экспорт 26,5 млн долларға жетсе, 2024 жылы шілдеде 4,5 млн доллар ғана болған.