Таяу Шығыстағы соғыс: Насралланың ықтимал мұрагері өлтірілді, Блинкен Нетаньяхумен келіссөзі

Ілияс Бақыт

23 қазанда Израиль «Хезболла» қозғалысының жетекшісі Хасан Насралланың туысы және оның ықтимал мұрагері болған Хашем Сафиеддинді үш апта бұрын Ливанда әуе соққысы кезінде өлтіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz BBC қызметіне сілтеме жасап.

ВВС

ӘУЕ СОҚҚЫСЫ АРҚЫЛЫ 

Сәрсенбі күні «Хезболла» Сафиеддин Израиль әуе соққысы кезінде өлтірілгенін растады. Сафиеддин Насралла 27 қыркүйекте өлтірілгеннен кейін топты Наим Касеммен бірге басқарған. Reuters агенттігінің мәліметінше, ол Насралланың ізбасары ретінде қарастырылған.

Сафиеддин топтың әскери операцияларына жауапты жиһад кеңесінде және қаржылық және әкімшілік мәселелерді бақылайтын атқарушы кеңестің басшысы болды. Әуе соққысы нәтижесінде «Хезболла» командирі Али Хусейн Хазима да өлтірілді.

КЕМІНДЕ 70 САРБАЗДЫ ЖОЙҒАН

Израиль әскерінің мәліметінше, соңғы 48 сағат ішінде израильдік күштер «Хезболла» тобының үш командирі мен 70-тен астам жауынгерін өлтірген.

БЛИНКЕН МЕН НЕТАНЬЯХУ КЕЛІССӨЗІ

Сафиеддиннің өлімі АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху арасындағы Иерусалимдегі келіссөздерден бірнеше сағат өткен соң расталды.

Джо Байден әкімшілігі Газа секторындағы соғысты тоқтатуға және ХАМАС жетекшісі Яхья Синвар өлтірілгеннен кейін израильдік тұтқындарды босатуға тырысып жатыр.

АҚШ мемлекеттік департаменті кездесуге дейін атысты тоқтату туралы келіссөздерді бастауға «мүмкіндік бар» екенін мәлімдегенімен, дипломаттар бұл келіссөздердің қайта жандану мүмкіндігі аз екенін айтып отыр, өйткені Нетаньяхудың ультраоңшыл үкіметі Газа секторындағы шабуылды жалғастырып, Ливандағы «Хезболлаға» қысымды күшейтуде.

Блинкен мен Нетаньяху екі жарым сағат бойы кездесіп, Газадағы және Ливандағы қақтығыстарды тоқтату әрекеттерін, сондай-ақ аймақтағы Иранның рөлін талқылаған.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Израильдің әскери жетістіктерін стратегиялық табысқа айналдыру уақыты келгенін айтты.

«Бұл жеңістерді тұрақты стратегиялық жетістікке айналдыру керек. Қазір тұтқындарды қайтарып, соғысты аяқтап, келешек жоспарды айқындау үшін назарды осыған аудару қажет», — деді Блинкен Сауд Арабиясына сапар алдында журналистерге. 

Блинкен қазіргі уақытта Газадағы тұтқындарды босату және соғысты тоқтату үшін жаңа шараларды қарастырып жатқанын айтты.