«Мазақ қыласыңдар ма?»: белсенді Боқаев удай қымбат әуе билеттерін сынға алды

Ілияс Бақыт

Белсенді Санжар Боқаев жанайқайын видеоға түсіріп, желіге жүктеді. Ол қазақстандық әуе билеттерінің бағасына талдау жасаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz\ЖИ

Санжар Боқаев “Эйр Астана” әуе компаниясының рейсімен Алматыдан Астанаға ұшуы керек болған. Бірақ ұшу уақытын бірнеше рет кейінге шегерген соң Боқаев билетін Каспи.кз қосымшасы арқылы кейін қарай өткізіп тастаған. Алайда бастапқы билет бағасынан 10 мың теңгені айыппұл ретінде ұстап қалады.

Мұның себебін сұрап қосымша қызметкерлеріне хабарласқанда олар айыппұлды әуе компаниясы яғни “Эйр Астананың” ұстап қалғанын айтады. 

“Әуе компаниялары әбден шектен шықты. Билеттер удай қымбат. Менің өзімнің жиеніме билет алдым. Ұшардан екі бұрын “Флай Арыстанның” рейсіне 55 мың теңгеге билет алдық. Сөйтсек бұл багажы жоқ билет екен. Ал қол жүгінің салмағы 2 келіге асып кеткені үшін 17 300 теңге төледі. Рейске жібермеді. Сендер мазақ қыласыңдар ма? Мына билеттің құнына Вашингтоннан Лас-Вегасқа ұшып баруға болады. Бангкоктан Куала-Лумпурға бара аламын”,- дейді Боқаев. 

 

Ары қарай қосымшадан Бангкоктан Куала-Лумпурға ұшақ билетін құнын көрсетеді. Онда билет бағасы 26 мың теңге деп тұр. Және сол күні ұшатын рейске есептелген. 

“Бұл халықаралық рейс екенін ескеріңздер. Нью-Йорктан Чикагоға 33 мың теңгемен жетуге болады. АҚШ-тағы, Малайзия мен Еуропада өмір сүру деңгейі Қазақстаннан әлдеқайда жоғары екенін айту керек пе? Себебі барлық сол баяғы төсеніштер отыр. Билет бағасы, әуе компанияларына әуе отынының бағасы, әуежайдың төлемдерінің құны шарықтап тұрғаны соншалық себебі ол белгілі бір “ағалардың” шенеуніктердің меншігі. Әрине оның бәрін төлейтін қарапайым қазақстандықтар”, – дейді Боқаев. 

Санжар Боқаев 40 мың теңгеге бір апта бұрын қандай ұшақ билетін алуға болатынын көрсеткен. Ең арзаны “Флай Арыстан” әуе компаниясының билеті. Багажы жоқ. Қайтарсаң ақы ұстап қалады. Ал  “Скат” болса сондай ақшаға багажсыз әрі қайтарымсыз билет ұсынады. 

“Қайтарымсыз билет деген не сұмдық? Иә, түсінемін егер 5-10 мың теңгеге қайтарымсыз билет алсақ. Бірақ бір апта бұрын 40 мың теңгеден қымбатқа билет аламыз. Және ол қайтарымсыз. Бұны неге ешкім бақыламайды? Азаматтық авиация комитеті, Антимонополиялық ведомство қайда қарап отыр? Билет бағасының құнын бақылайтын біреу бар ма өзі?”- дейді Боқаев. 

“АЛАЯҚТЫҚҚА ҰҚСАЙДЫ”

Бұған дейін Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек FlyArystan әуекомпаниясын қатаң сынға алған еді.

Депутат әуе компаниясының бағасын тексеруге кірісетінін айтты.