12 мың сарбаз: Солтүстік Корея әскері Курск облысына жетті

Ілияс Бақыт

Курск облысына Солтүстік Кореядан келген алғашқы әскери бөлімшелер жетті, олар бұған дейін Ресейдегі әскери полигондарда дайындықтан өткен. Бұл туралы Украинаның бас барлау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz DW агенттігіне сілтеме жасап. 

Ашық дереккөзден

ҰЗЫН САНЫ 12 МЫҢ ӘСКЕР

КХДР сарбаздары ұрыс аймағында байқалған. Олардың дайындығы Ресейдің шығысындағы бес әскери полигонда өткен: «Барановский» (Уссурийск), «Донгуз» (Улан-Удэ), «Екатеринославский» (Екатеринославка), 248-ші («Князе-Волконское») және 249-шы (Сергеевка). Украиналық барлау деректеріне сәйкес, Ресейге шамамен 12 мың солтүстіккореялық әскери жіберілген, оның ішінде 500 офицер мен үш генерал бар. Олардың дайындығы мен бейімделуіне Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Юнус-Бек Евкуров жауапты.

ПУТИН ЖОҚҚА ШЫҒАРМАЙДЫ

Ресей президенті Владимир Путин КХДР әскерлерінің келуін жоққа шығармай, Солтүстік Кореямен жасалған стратегиялық әріптестік туралы келісімде әскери көмек көрсету туралы баптың барын еске салды. Путиннің айтуынша, бұл келісімнің қалай жүзеге асатыны Ресейдің өз шешімі.

24 қазанда Мемлекеттік Дума Ресей мен КХДР арасындағы серіктестік туралы келісімді ратификациялаған. The Wall Street Journal басылымының мәліметінше, құжатта Солтүстік Корея әскерлерін Ресейге оқытуға жіберуге рұқсат беретін құпия бөлім бар.