Атырау облысында жол апаты болып, 4 адам тірідей өртеніп кетті

Қалижан Бектемір

Атырау облысында бір сағат бұрын жолда полицейлерден ескерту алған жүргізуші жол апатына түсіп, төрт адам қаза болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: facebook.com/dvdatyrau

ЕСКЕРТУДІ ЕЛЕМЕГЕН

Ведомствоның Facebook-тегі парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 26 қазан күні Атырау облыстық Полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Атырау-Орал тасжолында 4:00 шамасында Ресей елінде тіркелген Daewoo Nexia автокөлігін тоқтатып, жол жүрісі ережесінің талаптарын бұзғаны үшін жүргізушісіне хаттама толтырған. Оған қоса полицейлер оған түнгі уақытта сақтық шараларына мұқият болу керектігін ескерткен.

ТЕРГЕУ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Алайда ескертулерге қарамастан таңғы сағат 06:00 шамасында Атырау-Орал тасжолында Daewoo Nexia автокөлігінің 38 жастағы жүргізушісі басқару жүйесін игере алмай қарама-қарсы бағытта келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан Daewoo Nexia көлігінің жүргізушісі мен 3 жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Көлік толықтай отқа оранды.

Қазіргі уақытта атағалған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске салайық, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мәліметінше, Қазақстанда 20 мыңға жуық көлік апаты болып, 26 мың адам зардап шеккен.