Танымал тұлғалар мен миллиондаған жанкүйері бар инфлюенсерлер саяси науқандар кезінде ықпалды тұлғаға айналады. АҚШ-тың вице-президенті әрі Демократиялық партиядан кандидат Камала Харрис осы тәсілді қолданып, медиаәлемдегі салмақты жұлдыздардың бір шоғырын айналасына жинаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТЕЙЛОР СВИФТ
Танымал әнші Тейлор Свифт өзінің әлеуметтік желілерінде қыркүйек айындағы пікірталастан кейін Камала Харриске ашық қолдау көрсетіп, оны Дональд Трампқа қарсы қойып келеді. Оның Instagram парақшасында 280 миллионнан астам жазылушы бар. Свифттің Харристі "сенімді әрі талантты көшбасшы" деп атағаны жанкүйерлер назарын аударып, Харрис науқанына үлкен серпін берді.
ОПРА УИНФРИ
Тележүргізуші және медиа-магнат Опра Уинфри де Демократиялық ұлттық съезде Камала Харриске қолдау білдірді. Опра одан өзінің әйгілі ток-шоуында сұхбат алып, Харрис "адалдық пен құрметті" қамтамасыз ете алатынына сенім білдірді. Уинфридің қолдауы оның америкалық аудиторияға әсерінің арқасында ерекше маңызға ие.
ДЖЕННИФЕР ЛОУРЕНС
Оскар сыйлығының иегері Дженнифер Лоуренс қыркүйек айында People журналына берген сұхбатында Камала Харриске қолдау көрсеткенін растаған. Лоуренс Харриске репродуктивті құқықтар мәселесіндегі ұстанымы үшін қолдау көрсететінін және "оларды қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынына" сенетінін атап өткен.
РОБЕРТ ДЕ НИРО
Дональд Трампты сынаушы танымал актер Роберт Де Ниро Харрис науқанын қолдайтын бейнеролик жазып, Трампты сөзбен түйреп өткен. Де Ниро сонымен қатар Харрис науқанына қаражат жинау үшін тегі италиялық Стив Бусеми сияқты жұлдыздармен және Нью-Йорктің бұрынғы мэрі Билл Де Блазиомен бірге онлайн-іс-шараға қатысты.
ЭМИНЕМ
Рэп орындаушысы Эминем өзінің балалық шағы өткен Мичиган штатында Харристі қолдау митингінде өнер көрсетті. Онымен бірге сахнадаға бұрынғы президент Барак Обама шығып, көрермендерді дауыс беруге шабыттандыратын Эминемнің танымал Lose Yourself әнінің жолдарын келтірді. Эминем штат тұрғындарын Харриске қолдау көрсетуге және сол арқылы елдегі оң өзгерістерге ықпал етуге шақырды.
БЕЙОНСЕ
Техастағы Харристің сайлау митингіне қатысқан Бейонсе дәстүрлі республикалық аудитория алдында өнер көрсетті. Ол өз сөзінде сайлауға қатысу маңыздылығын атап өтіп, "өз денесін еркін басқара алатын және бөлінбейтін әлемді" көргісі келетінін жеткізген.
Бұл атақты адамдардың әрқайсысы аудиторияға Камала Харрис пен оның сайлауалды науқанын қолдауға елеулі әсер етеді.
АҚШ-ТАҒЫ САЙЛАУ
АҚШ президентінің сайлауы 5 қарашада өтеді. Республикалық партиядан Дональд Трамп, Демократтардан қазіргі вице-президент Харрис ұсынылған.
ПАРА-ПАР КӨРСЕТКІШ
Дүйсенбіде жарияланған Washington Post – Schar School жүргізген сауалнамада екі үміткер де Аризона, Джорджия, Мичиган, Невада, Солтүстік Каролина, Пенсильвания және Висконсинде тең нәтижеге пара-пар көрсеткіш байқатқан.
Сауалнама Трамп пен Харрис 47%-ға ие болып, ұлттық деңгейде де қатар келетінін көрсеткен. Соңғы апталардағы сауалнамалардың көпшілігі Харриске ұлттық деңгейде артықшылық берген.
Бұл нәтижелер Ұлыбританияның Financial Times басылымы жүргізетін ондаған америкалық сауалнама агрегаторының мәліметтерімен сәйкеседі.
АЙҚЫН КӨШБАСШЫ ЖОҚ ДОДА
FT мәліметтері бойынша, негізгі штаттарда да, ұлттық деңгейде де Трамп пен Харрис теңескен. Төрт маңызды аймақта сауалнама нәтижелеріндегі алшақтық шамалы ғана. Солтүстік Каролина, Пенсильвания және Мичиганда да үміткер нәтижесі өте жақын.