Белгілі ақын өмірден өтті

Әлихан Асқақ

Белгілі ақын, асаба, Мәдениет саласының үздігі, көркем сөз оқу шебері Құрманай Бақтиярқызы өмірден өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

Бұл туралы ақынның қызы жазды.

Анашым Раббысына қайтты, дұғада болыңыздар. Артында дұға арнайтын ата-анасы, бауырлары, үлкені – Ханшайым, Толғанай, кенжесі – Сұңқар! Немерелері – Ақберен, Арыстан. Жақсы көретін, дұға арнайтын Қазақ Елі бар! Анама деген махаббаттарыңызға рақмет – деп жазды ол анасының инстагграм парақшасында.

Ақын бір жыл бұрын ауыр халде жатқаны туралы ақпарат таралған еді. Оған күрделі операция жасалған.

Жиырма күнге жуық ес-түссіз жатқанымды көрген достарым бәріне дайын тұрды. Алланың қалауы ғой, «100 пайыздан бір-ақ пайыз үміт бар, бәріне дайын болыңыздар» деген екен... Бұл тақырыпты осымен жабамын. Жаман күндер артта қалды. Бір дертке шипа іздегенімде Алла ауыр, көтере алатын сынақ беріп, он дертімнен айықтырды, – деп жазған еді Құрманай Бақтиярқызы.

Ақын эстрада өкілдерінің біразының әніне сөз жазған. Оның ішінде “Толғанай”, “Алматының түндері-ай”, “Жаяу”, “Вокзалда қауышқан қыз” секілді әндердің сөзін жазған.