Автобус жүргізушісін пышақпен қорқытқан ер адам ұсталды

Ғалиасқар Думан

Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық көлік жүргізушісіне пышақпен доң айбат көрсеткен ер адам ұсталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видеодан скриншот

МӘН-ЖАЙЫ

Тергеу барысында күдікті мен автобус жүргізушісі арасындағы кикілжің аялдама орнында тұрған көлікке өтіп бара жатқан адамның міну ниетінен туындағаны белгілі болды. Жүргізуші оған ескерту айтқан, ал өтіп бара жатқан адам құрылыс пышағын шығарған. Ешкім зардап шеккен жоқ.

ПД МӘЛІМДЕМЕСІ

Дерек әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған.

Куәгерлердің видеосында ер адам әуелі автобустың есігін теуіп, сосын пышақ сілтеп, жүргізушіні қорқытқаны көрінеді.

«Оқиға таңертең ерте Назарбаев пен Райымбек даңғылдарының қиылысындағы қоғамдық көліктердің соңғы аялдамасында орын алғандығы белгілі болды. Осы қылмысты ашу және оның объективті мән-жайларын анықтау үшін қаланың бейнебақылау жүйелеріне талдау жүргізіліп, нәтижесінде қылмысқа қатысы бар адам анықталды. Ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына орналастырылды», – деді, Жетісу аудандық полиция Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жәнібек Шынасылов.

Аталған жайтқа байланысты, бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.