Бишімбаевтың анасын алдап 100 млн теңге алған әйелге үкім шықты

Аян Өрібай

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасын алдаған әйелге үкім шыққанын хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

СОТ НЕ ДЕЙДІ

Алқабилердің кесімімен азаматша алаяқтыққа оқталғаны және пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп танылған. Оған қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған.

– Г. 2024 жылдың мамыр айында Н.-ның аса ірі мөлшерде ақшасын иемдену мақсатында оның үйіне келіп, ұлы Б-ға қатысты үкімді жеңілдету үшін пара ретінде апелляциялық сатыға беру үшін оған 100 млн теңге беру керек екенін хабарлаған. Әрі қарай, сол күні кешке ол Н-ға келіп, кезекті әңгіме барысында соңғысын апелляциялық сатыға пара беруге итермелеуді жалғастыра отырып, оларды лауазымды тұлғаларға беру сылтауымен, бірақ оны орындау ниетінсіз оның 100 млн теңге сомасында ақшасын иемденген, делінген сот материалдарында.

Алайда сотталушы Н-ның ақшалай қаражатын алдау жолымен ұрлау жөніндегі әрекеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің қылмыстық әрекетті әшкерелеуіне байланысты соңына дейін жетпеген.

– Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, бейнежазбамен және қылмыстық іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденді, – деп келтірілген сот хабарламасында.

Сотта прокурор айыпты қолдап, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Сотталушы кінәсін мойындамаған, қорғаушы тарап сотталушыны ақтауды өтінген. 

ЖАЗА

Сотталушының жас балаларының болуын сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныған. Жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстың және мүлікке қарсы қылмыстың ауырлығын, жасалған қылмыстың мән-жайын назарға ала отырып, сот алқабилердің қатысуымен осы баптар шегінде сотталушыға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындау қажеттілігі туралы қорытындыға келген. Сот үкімімен алқабилер сотымен Г кінәлі деп танылып, қылмыстар жиынтығы бойынша (ҚК-нің 58-бабы) 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

БИШІМБАЕВ ІСІ

Еске сала кетсек, 13 мамырда Астанада әйелін аса қатігездікпен қинап өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа сот үкімі шыққан еді. Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды. 

Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылған. Сот үкімімен ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды.