Өткен сенбіде Иран аумағындағы әскери нысандарға әуеден шабуылдаған Израиль күштері Тегеран қолында қалған ресейлік үш С-300 зенит-зымыран кешенін жойған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Азаттық бұл туралы америкалық және израильдік шенеуніктердің дерегіне сүйеніп The Wall Street Journal газеті хабарлағанын жазды.
МӘН-ЖАЙЫ
Газеттің жазуынша, бұл кешендер Израиль жүз әскери ұшағымен шабуыл жасаған кезде Ирандағы нысаналарды көздеп атқан зымырандардың біршамасын қағып түсірген. Осы шабуыл барысында Израиль армиясы Ресейдің Иранға жеткізген төрт зымыран кешенінің үшеуін жоқ қылған. Төртіншісі бұдан бұрын жойылған. С-300 кешені Иранның әуе қорғанысындағы маңызды техника саналған.
ЗЫМЫРАНДАР ҚАЙДА ҚОЙЫЛҒАН
Американың Соғысты зерттеу институтының (ISW) мәліметінше, С-300 кешендерінің бірі Тегеран әуежайы маңына қойылған, қалған екеуі энергетика инфрақұрылымы нысандарын – мұнай портын, мұнай өңдеу зауытын және табиғи газ кен орнын қорғап тұрған.
Иранның қолында 1990-жылдардың аяғында жаңартылған С-300 кешені болған. Бұл техниканы Совет армиясы 1970-жылдардың соңында пайдалана бастаған.
Сарапшылардың сөзінше, С-300 кешендерінен айырылған Иранға зымыран шабуылы жасалатын болса, оның көптеген маңызды нысаны қорғансыз қалады. Ресейден жаңа С-400 зенит-зымыран кешенін алуға мүмкіндік жоқ, өйткені Мәскеудің өзі Украинамен соғыста барлық резервін пайдаланып жатыр.
The Wall Street Journal-дың жазуынша, осы жағдай, тағы да Украинадағы соғыс кезінде Киев армиясының ресейлік C-300 кешенінің бірнешеуін жойғаны, Украинаның ресейлік жаңа C-400 кешеніне сәтті шабуыл жасағаны Ресейдің қорғаныс индустриясының беделіне үлкен зиян келтіреді. Сарапшылардың айтуынша, Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешенінен техника алатын клиенттер енді қару-жарақтың балама көздерін іздеуге кірісуі мүмкін. Бұдан Оңтүстік Корея, Израиль, Америка және Қытай компаниялары ұтуы мүмкін.